{metadescription}
Қазақтың ою-өрнегі шетелдік дизайнерлер топтамасында көрініс алды
Қазақтың ою-өрнегі шетелдік дизайнерлер топтамасында көрініс алды

Қазақтың ою-өрнегі шетелдік дизайнерлер топтамасында көрініс алды

Қазақтың ою-өрнегі әлемдік трендте. Мүйізді мәнерден бастап, гүл, алаша, өркеш сынды түрлі ұлттық нақышты шетелдік дизайнерлер де өз коллекцияларында қолдана бастады.

Мұхиттың ар жағындағы сән апталықтарында салтанат құрып жатқан оюлы киімдерге сондағы халықтың қызығушылығы жоғары. Елімізде де қазір кестеленген көйлектер мен өрнектелген шапандарға сұраныс артып барады. Тіпті өзін патриот санап, қолы мен денесіне ою салдырып алатын жастар да көбейген.

Қазақтың ою-өрнегі шетелдің сән әлемінде де қолданыла бастады. Harper's Bazaar журналында жарияланғандай соңғы уақытта әлемге әйгілі брендтер өз коллекцияларында халқымыздың ұлттық нақыштарын белсенді пайдалануға кіріскен. Арасында француздық Balmain мен британдық Аlexander McQueen бар. Сарапшылар киімге түскен түрлі оюдың мұхиттың арғы бетінде де трендте екенін растап отыр.

Роман Александров, Fashion продюсер:

- Бұл көбінесе Шығыс стилінде. Яғни ол уақыт өткен сайын жаңарып, қайта оралып, өзгеріп отырады. Оюөрнектер әлі күнге дейін дәстүрлі сәнде өзіндік орны мен ерекшелігін жоғалтқан емес. Сондықтан әлемде де қазақтың ұлттық ою-өрнегімен киімдер тігіліп жатса бұл коммерциялық тренд деп ойлаймын.

Отандық дизайнер Назым Қарпықованың сән әлемінде жүргеніне он жылдан асқан. Содан бері дүкенінде заманауи және ұлттық киімнің түр-түрі тігіледі. Шетелде өтетін түрлі сән апталықтарына қатысатын сәнгер оюмен көмкеріліп, өрнекпен көркемделген ұлттық киімдер көпшіліктің көзіне бірден түсетінін айтады. Қазақы нақыштағы шапандар мен кәжекейлерге таңдай қақпайтын шетелдік жоқ дейді.  

Назым Қарпықова, дизайнер:

- Біздің ұлттық киімдерге көзіміз үйреніп кеткен. Сондықтан аса қызықпаймыз, күнделікті өмірде көріп жүрміз. Тақия, сәукеле, бәрін көріп жүрміз. Ал Еуропа, шетелде қолөнерге деген қызығушылығы басым. Талантты, өнерді жақсы көретін адамдар бір қызыққан, көрген нәрсесін өз жұмысында да қолданады.

Сәнгерге әсіресе театр қойылымдары мен тарихи кино түсіретіндермен жұмыс істеген ұнайды екен. Онда ұлттық нақыштағы көйлектен бөлек, тақия, қамзол, кеудеше, етік пен мәсіге дейін өрнектеліп, заманауи үлгіде кестеленеді. Сондай-ақ, дизайнер қай тігінші болмасын, оюдың мағынасына мән беру керегін ескертеді. Өйткені 200 түрлі өрнектің өзіндік қолдану жолы бар.

Назым Қарпықова, дизайнер:

- Егер де оюды білмей, осылай қазақша ою болған деп сала беретін болса, бізде оюлардың мағынасы үлкен. Көбінесе қалындықтарға түйе табан оюы бар. Ол ромб тәріздес. Оны біз көбінесе сәукелеге қолданамыз. Сәукеленің ең жоғарғы жағында сол түйе табан оюуы тұру керек. Ал ұзату көйлектеріне, мысалы камзолдарына, өсімдік тәріздес ою саламыз. Ол өсіпөну, барған жеріне құт-береке алып келу деген мағынаны білдіреді.

Ұлттық шапандар мен қамзолдарды жұртшылық бір-біріне сыйлыққа беруі ертеден бар. Ал соңғы уақытта отандастарымыз басқа мемлекетте тұратын туыстарына да қазақы бейнемізді көрсетіп, ұлықтау мақсатында ел асырып жатады. Содан көрген болса керек, шетелдіктердің ғаламтор арқылы тапсырыс беруі де жиілепті. Мәселен, бұл кеудеше жақын арада Жапонияға жіберілмек.

Татьяна Идрисова, дизайнер:

- Тапсырыс көптеген елден түседі. Оның ішінде Италия, Еуропа, Грекия, Испания, Америка, Англия бар. Көбі Англияға, Ресейге сыйлық ретінде алып кетеді. Ресейде тұратын қазақтар бірбіріне ұлттық нақыштағы ою-өрнегі бар киім сыйлауды өзіне парыз көреді. Көбінесе әйелдерге арналған кәжекей мен кеудешелерге сұраныс жоғары.

Дизайнерлер ұлттық киімге түсетін ою-өрнекті өз қолымен кестелейді. Ол біршама уақытты алып, қолды байлайды дейді тағы бір отандық дизайнер Вадим Хван. Сол себепті өрнектің киімге тегіс түсіп, шебердің жұмысын жеңілдету үшін арнайы тігін машинасын қолданады.

Вадим Хван, дизайнер:

- Елімізде оюөрнекті қолмен кестелеу керек, не тігін машинасымен тігу керек деген кереғар пікір көп. Менің ойымша, бұл талқылауға тұрмайтын дүние. Өйткені ұлттық нақыштағы киімнің немен тігілгені емес, оның сапалы әрі сәнді тігілгені маңызды. Мысалы, біз біріктірілген нұсқасын қолданамыз. Яғни бастапқы жұмысын тігін машинасымен қалыпқа салып, қолмен істеп аяқтаймыз.

Елімізде ою-өрнекпен киім-кешектен бөлек, үй жиһазы мен ыдыс-аяқ беті де суреттеледі. Өзін патриот санайтын жастар да қолына, денесіне оюдан сурет салдырып алады. Жалпы сарапшылар ұлттық нақыштағы киіммен кескіні келіскен ою ешқашан сәннен шықпайды деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.