Биыл әскерден жалтарып жүргендердің саны 30 мыңнан асқан
Биыл шақырту алса да, әскерге барудан жалтарып жүргендердің саны 30 мыңнан асқан. Бұл көрсеткіш жыл сайын көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Ал өз еркімен баруға ниет танытқандар бар-жоғы 10 пайыздың шамасында. Қалғаны сан сылтау айтып қашады немесе денсаулығының нашарлығын алға тартады .
Автор: Мерей Қалиасқар
11.04.2023
Биыл көктемгі шақыру елімізде 37 мыңнан аса жігітке жіберіліпті.
Әскер атауы тілге жеңіл болғанмен, қару асынып, қатал тәртіпке бой ұсынуға 18 - 27 жас аралығындағы жігіттердің көбі жүрексінеді. Тепсе темір үзетін шағында өз борышын өтегеннен гөрі, ерте еңбекке араласып, нәпақа табуды мақсат тұтатыны да аз емес. Бірақ әскерден жалтарғандарды заң басынан сипамайды. «Айыппұл арқалайтынын көбі біле бермейді» - мамандар.
Жазира Асанова, ҚР ҚМ Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің аға офицері:
- Жалтарудың негізгі себептері: әскерге шақырушының және оның атаанасының заңнаманың талаптарын ескермеуі, не болмаса, азаматтар тұрғылықты мекенжайын өзгертіп, бірақ әскерден шықпауына байланысты, шетелге шығып кеткен азаматтар. Әскери қызметтен жалтарған азаматтарға әкімшілік кодексінде айыппұл қарастырылған, төрт айлық есептік көрсеткішке дейін.
Елордалықтарға "әскер" жайлы сауал қойған едік, бозбалалардың төбе шашы тік тұрып, жауаптан қаша жөнелді. Барамын деп тіл қатқаны некен-саяқ.
- Жоқ, мен бармаймын.
- Керек емес, бір жыл құртасың. Өз басым бармаушы едім.
- Қорықпаймын. Одан қорқатын түгі де жоқ. Ер жігіт болғаннан кейін, ол да бір парыз деп есептеймін. Шақырса, борышымды өтеп қайтамыз.
Борышын өтеуге ұмтылып тұрған жігіттер жоқ емес. Тек денсаулығы дімкәс болғандықтан, амалсыз қалып жатқаны да көп. Мәселен, былтыр әскери қызметке 14 пайыздан астам азамат жарамсыз деп танылыпты. Ал жалған анықтама тапсырып, яки өз қолымен дене жарақатын салса, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Салтанат Жақыпова, ҚР ҚМ Орталық әскери-дәрігерлік комиссияның аға дәрігері:
- Медициналық куәландыру кезінде біз ақпаратты тексереміз. ОСМС деген бар. Сол арқылы мәліметін дұрыстап қараймыз. Өтірік анықтама, енді адамдар әртүрлі болады ғой. Болады ондай мәселелер.
Баласына ата-аналар да алаңдаулы. Қазіргі алмағайып заманда қауіп көп, көңілде үрей басым деп, баласын әскери борышын өтеуге жібергісі келмейді.
Ләззат Қожахметова, «Шаңырақ» көпбалалы отбасыны қолдау орталығының директоры:
- Төрт ұлым бар. Екеуі студент, дайын тұр. Баламызды жібергеннен кейін, ол жерде ұра ма, ақша талап ете ме, телефонына бірлік сұрайды ғой. Осыны көтере алмай, көптеген бала өзіне қол салуы мүмкін. Әскерде тәртіп орнамай, заңдылық орнамай, әскерге адам жіберуге болмайды деп есептеймін.
Бұл ретте қорғаныс министрлігі ата-аналарды еш алаңдамауға шақырып отыр. Әскердегі әлімжеттікті тыйдық, сарбаздардың хал-ахуалын назардан тыс қалдырмаймыз деп сендіреді. Биыл көктемгі науқанда 18 мыңнан аса адам әскер қатарына алынады.
Руслан Омаров, ҚР ҚМ Ұйымдастыру-жұмылдыру департаменті бастығының орынбасары:
- Қазір гі екі әртүрлі мерзімнің сарбаздары бірге қызмет көрсетпейді. Бұлардың басын бір жерге қоспауға тырысамыз. Казармаларда жәшіктер орналастырылған. Ол жәшіктерге әр сарбаз өз арызтілегін білдіре алады. Белгіленген уақытта оған жауап беріледі.
Жастар әскерге баруға құлықсыз болғандықтан, мемлекет сарбаз атанып сапқа тұруға ниеттілерді ынталандыру бойынша бірқатар жеңілдік қарастырып жатыр. Мысалы, Отан алдындағы борышын өтеп жатқандарға уақытша несие демалысы беріледі. ҰБТ-дан босатылып, ақылы негізде жоғары оқу орнына түсе алады. Ал өзін жақсы қырынан көрсеткен 3 мыңнан аса сарбаз еліміздің таңдаулы жоғарғы оқу орнында тегін білім ала алады. Бәлкім осыдан кейін әскерден табанын жалтыратқандардан гөрі, парыз бен бұлтармас міндетті орындауға ниеттілердің саны артуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!