Жаңаөзен мұнайшыларының талап-тілегін арнайы жұмыс комиссиясы қарайды
Астанада наразылық шарасын ұйымдастырған жаңаөзендік мұнайшылардың талап-тілегін арнайы жұмыс комиссиясы қарайды. Араларындағы белсенді 10 адам сол үшін елордада қалған.
Автор: Әзиза Төленби
12.04.2023
Ал қалған жұмысшылар бүгін пойызбен Жаңаөзенге қайтты. Прокурорлар оларға "Бейбіт митинг туралы" заңды бұзғаны үшін тек ескерту жасаған.
Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:
- Бүгін наразылық білдіргендер талаптары бойынша құрылған арнайы комиссия құрамына кіретін он адам Астанада қалды. «ҚазМұнайГаз» жиналғандармен келіссөз жүргізу үшін арнайы байланыс тобын құрды.
Энергетика министрлігі ғимаратының алдындағы наразылық шарасы дүйсенбі күні басталған. Жаңаөзеннен арнайы келген 126 адам «БерӘли Маңғыстау» компаниясының бұрынғы қызметкерлері. Жұмыссыз қалған мұнайшылар тендер бойынша мәселені шешуді талап еткен. Кейін санкцияланбаған митинг өткізгені үшін полиция бөліміне жеткізіліп, бүгін бәрі үйіне қайтты. Ал арасынан сайланған он белсенді арнайы комиссиямен бірге мәселені заң аясында шешетін болады.
Еңбек дауының жиілеуі мәжілісмендерді алаңдатып отыр. Әсіресе мұнай өндірісі саласында былық пен сұрақ көп дейді бүгін премьер-министрдің атына сауал жолдаған депутат Еділ Жаңбыршин.
Еділ Жаңбыршин, Мәжіліс депутаты:
- Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең қолымызды мезгілінен кеш сермедік деп жүрмеңіздер. Сервис және басқа да мердігер компаниялар бюджетке салығын төлеп, өзіне инвестиция құйып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүдделі. Бірақ келесі факторлар — тендерлердің әділетсіз өтуі, жемқорлық, тариф төмендігі, баға демпингісі және басқа да мәселелер оған мүмкіндік бермей отыр. Бұл өз кезегінде компаниялардағы жалақы деңгейінің төмен болуына, әлеуметтік пакеттердің төленбеуіне, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауына, техникалардың жаңаланбауына себеп болып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!