Астанада кәсіпкерлер мен тұрғындар балалар алаңын бөлісе алмай жүр
Ойын алаңына талас. Елордалық тұрғындар мен кәсіпкерлер балалар ойнайтын спорттық және ойын алаңын бөлісе алмай жүр. Тұрғындар үй астындағы балабақша бөбектерін аулаға кіргізуге үзілді-кесілді қарсы.
Автор: Әзиза Төленби
13.04.2023
Ал кәсіп иелері топ баланы күні бойына ғимарат ішінде ұстай алмаймыз деп ақталады. Екі жақ келісімге келе алмай, енді әкімдіктен көмек сұрап отыр.
Мәдина Атайбаева, Астана қаласының тұрғыны:
- Бұл жерде, жоқ дегенде төрт балабақша орны бар. Балалар ойнайтын орын жоқ болғандықтан, мына жерге қоршау жасап алған, жекеменшік қып, біздің балалар ойнап жатқан кезде қуып шығады. Яғни “бұл сендердің орындарың емес, біздің балалар ойнау керек” дегендей. Жалпы, былай айтқанда, атааналар арасында бір емес, бірнеше рет ұрыс болған.
Даудың басы ауладағы ойын алаңы. Үйдің бірінші қабатын жалдап кәсіп жүргізетін балабақша балаларын тұрғындар сыйғызбай жүр. Өйткені онсыз да бала көп, ойын алаңы тар. Ал оған балабақшадағы екі-үш топ кезек-кезек кіргенде тіпті орын болмай қалады. Кей балабақша ойын алаңын қоршап, ешкімді кіргізбей де қояды екен. Өз баласын қорғаған әрқайсы жақ-жақ боп ұрысып жүр. “Ақшасын төлеп отырмыз” деген шағын кәсіп иелері бүгін "Атамекен" кәсіпкерлер палатасына келіп, бұл мәселені біржақты етуді сұрады.
Қазір Астанада 300-ге жуық балабақша бар. Бірақ оның бәрінің жеке ауласы жоқ. Жартысына жуығы осындай бизнеске арналған бірінші қабатта орналасқан. Бұл дау тек келісіммен бітеді дейді кәсіпкерлер палатасы.
Бейсен Жолболдиев, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы Астана филиалының директоры:
- Тұрғын болғандықтан түсінбеуі де мүмкін, неге басқа жақтан келіп, балалар біздің алаңды қолдану керек деген сияқты. Ал заң жүзіне қарайтын болсақ, олардың бәрі тәртіппен қарастырылған. Өйткені олар да тұрғылықты халық сияқты сол жерге өз қаражатын төлеп жатыр. Сол жерді кейбіреуі сатып алған болуы мүмкін. Сол сияқты, сол жерде тұратын адамдардың балалары сол жерге балабақшаға баруы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!