Қазақстан - Қытай арасындағы екіжақты визасыз режимнен ұтамыз ба?
Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты визасыз режим ішкі туризмнің тынысын аша ма? Жаңа ереже енгізілсе, көрші мемлекеттен келетін қытайлықтардың саны еселеп артады деп сенеді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы. Бұл жаңалықты тауар тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер де қуана қабылдап жатыр екен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
14.04.2023
Екі ел арасындағы 30 күндік визасыз режим алыс-берісті көбейтіп, шығынды азайтады дейді олар. Келісім күшіне енсе, тағы қандай мүмкіндіктер ашылады?
Саид Рахимовтың компаниясы Қытайдан Қазақстанға тауар тасымалдаумен айналысады. Логистика саласында он жыл тәжірибесі бар кәсіпкер екіжақты визасыз режимнің пайдасын жіпке тізді. Ол жаңа ереже енгізілсе шығын азайып, көрші мемлекеттен келетін техника мен түрлі заттардың бағасы арзандайтынына сенімді.
Саид Рахимов, көлік-экспедиторлық компанияның басшысы:
- Бізде визасы жоқ жүргізушілер көп. Себебі, Қытай тарапы визаны барлығына бірдей бермейді. Жүк көлігін тізгіндейтін компания қызметкері алдымен шекараға жетіп алады. Сол шекарада қолында визасы бар, арғы бетке кіріпшығу қызметін ұсынатын жүргізушілер жүреді. Оларға амалдың жоқтығынан мың доллар береміз. Бұл, әрине, тауардың тасымалдау бағасына тікелей әсер етеді.
Сыртқы істер министрлігі дайындаған құжатқа қол қойылса, көлік-транзиттен бөлек ішкі туризмнің тамырына қан жүгіреді деп күтілуде. Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілдері Қытайдан келетін турист саны еселеп артады деп күтіп отыр. Ал шекара маңында орналасқан ауыл тұрғындары кәсібін дөңгелетіп, қосымша табыс табуға мүмкіндік алмақ.
Ернұр Кенжебек, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының баспасөз хатшысы:
- Отыз күн деген туристерді қабылдауға үлкен мүмкіндік береді. Туристік ағынның өсуіне әкелетін болады. Жалпы алатын болсақ, 2023 жылдың басынан бірінші тоқсан аясында елімізге сегіз мыңнан аса қытайлық турист келген. Қытайлық туристер көбінесе ірі қалаларға тобырымен келгенді ұнатады. Сондықтан Астана мен Алматы қытайлық туристерді тартады дегенге толық негіз бар.
Осы ережеге сәйкес, отандастарымыз Қытайда, қытайлықтар біздің жерде визасыз 30 күнге дейін емін-еркін жүре алады. Ол үшін қолыңызда төлқұжат, Қазақстанға қайту туралы куәлік болса жеткілікті. Егер Қытайда бір айдан астам уақыт жүремін десеңіз, визаға өтініш беру керек. Саясаттанушылар бұл келісім екі ел арасындағы серіктестік пен сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтады деп отыр.
Әділ Кәукенов, ҚСЗИ бас сарапшысы:
- Қытайда жұмыс істейтін бизнесмен өте көп. Енді екі ел арасындағы саудасаттық нығаяды. Біз Қытай нарығына ет өнімдерін, дәнді-дақыл және т.б түрлі өнімдерді жеткіземіз. Тауар айналым ұлғайтып, инвесторлар тартуға таптырмас мүмкіндік. Іскерлік кездесулер де жиі өтетін болады. Визасыз режим Қазақстанның кезекті дипломатиялық жеңісі деп ойлаймын.
Қытайға демалуға, оқуға және емделуге баратын отандастарымыздың да қарасы көбейетіні сөзсіз. Сондай-ақ, қандастар арғы бетте қалған туыстарын көру үшін құжат жинап әуре болмайды. 30 күндік визасыз режим аталған мемлекетте білім алып жүрген қазақстандық студенттердің туыстарына да жақсы жаңалық. Қоғамдық талқылауға салынған келісімге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мамыр айында жоспарланған Қытайға мемлекеттік сапары аясында қол қояды деп күтілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!