Ақтөбеде тазалықпен айналысатын компаниялар жұмыс істеуден бас тартып жатыр
Ақтөбе қоқыс қалаға айналуы мүмкін. Себебі, тазалықпен айналысатын компаниялар тариф төмен деп жұмыс істеуден бас тартып жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
14.04.2023
Ақтөбе қаласын қоқыстан тазарту үш компанияға жүктелген. Солардың бірі қатты қалдық шығарудан бас тартыпты. Шаш етектен шығынға батып, одан әрі жұмыс істей алмайтынын айтқан. Көрші жатқан Орал мен Қызылорда, Атырау облыстарында қоқысқа тұрғындар 500 теңге төлейді. Енді шенеуніктер тариф құнын сол өңірлермен теңестіруді көздеп отыр. Жаңа тариф бекітілсе, қоқыс шығару ақысы екі жарым есеге өседі. Одан бөлек, қазіргі 180 теңгенің өзін тұрғындардың жартысына жуығы төлемейтін болған. Қордаланған қарызды өндіру қиямет-қайым дейді мердігерлер. Қазір бұл аймақта тарифті көтеруге қатысты қоғамдық тыңдау он күнге шегерілді. Осы уақыт ішінде қойылатын талап пен құн өсіруге қатысты дәлелдер шартта толық көрсетілуі тиіс.
Айбек Көпенов, Астана ауданының әкімі:
- Тариф көтеру мәселесі қаралып жатыр. Ақтөбе қаласында тариф Қазақстан бойынша ең төменгі тарифтердің бірі. Қазіргі кезде 180 теңге адам басына, яғни көпқабатты үй тұрғындары 180 теңге, жеке тұрғын үйлерге 200 теңге. Өткенде осыған дейін қоғамдық тыңдау өтеді деп жоспарлап едік. Бірақ кейінге қалдырылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!