{metadescription}
Алматыда бір топ режиссер, продюсер шу шығарды
Алматыда бір топ режиссер, продюсер шу шығарды

Алматыда бір топ режиссер, продюсер шу шығарды

“Ұлттық киноны қолдау емес — қорлау орталығы”. Алматыда бір топ режиссер, продюсер осылай шу шығарды. Айтуларынша, байқауға өтінім берген 270 құжаттың жартысынан көбін болмашы қателік үшін өткізбеген. “Сонда комиссияға сценарий емес, тырнақтың астынан кір іздеу маңызды ма?” деп түсінбей дал.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы бәрі заң аясында деген жауаппен шектелді. Жанайқайын жеткізген киногерлердің мәселесіне мәдениет министрлігі араласа ма? Мәселе қалай шешімін таппақ?

Әңгіменің әлқиссасын әріден қозғасақ. 2019 жылы мәдениет және спорт министрлігінің мұрындық болуымен Ұлттық киноны қолдау орталығы құрылды. Мемлекет бөлген қаржыны байқау арқылы үлестіруге осы мекеме міндетті. Жылда сома құбылғанмен, көлемі қомақты. Биылдың өзіне 3 млрд. теңге қарастырылған. Бүгін ашынып, жанайқайын жеткізуге жиналғандар байқауға қатыспай жатып, құжатындағы болмашы  кілтипан үшін жарыс жолынан шығып қалғандар.

Әрібибек Өр Алтай, режиссер:

- Құжаттарда кеткен болымсыз, түкке тұрмайтын қателіктерге бола. 160 жобаны эксперттік кеңестің талқылауына жібермей отыр. Негізі процестің өзі сценарийді талқылау ғой. Бұл жерде бізден ең басты нәрсе, сценарий болуы керек еді, бұл жерде құжат алға шығып кетті де, бір он минутта, бес минутта өзгертуге болатын қателерге бола, көп адамның интеллектуалды еңбегі бір жолда, бір сәтте бәрі шығып қалды.

Ғали Мырзашев, режиссер:

- Бұл киноны қолдау емес, киноны қорлау қоры. Мысалы, менің төрт жобам ізтүссіз кетті, “без вести пропавшийдейді ғой, соғысқа, қазіргі күнге дейін мен алған жоқпын, не себеппен оларды қайтарған. Арызда бұлардың сұрамайтыны жоқ. Ертең не сатып аламыз, ертең киноны кімге сатасың, әй, көке, ертең өзіңнің не боларыңды білмейсің

Түзеуге мұрсат бермей, құжаттағы қателікке бола бет қаратпай отырған орталықтың осынша жобаны нақақтан нақақ ысыруын киногерлер түсіне алмай жүр.

Ардагер Сантыбай, продюсер:

- Бәрін біз былтырғыдай тапсырдық. Бірақ, биыл сол құжаттарды басқаша қабылдап жатыр. Шығармашылық адамдарға көмектесудің орнына, олар бізге әдейі қиын қақпан істеп жатыр да. Сметаның үлгісі осындай кезеңде конкурстық талдау уақытында болмауы керек, өйткені, біз әлі үміткерміз. Әлі келісімшартқа отырған заңды тұлға емеспіз.

Көмбенің үстінде отырған орталық даурығуға себеп жоқ деген сыңай танытты. Алдын ала байқау шартын жариялағанбыз, ережемен бүге-шігесіне дейін танысуға уақыты болғанын, құжаты өтпегеніне өздері кінәлі екенін айтады.

Қанат Төребай, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының кеңесшісі:

- Мысалы, салық жағынан ешқандай қарыз болмауы керекКейбіреуінде қарыз бар екен. Ереже де алдын ала жарияланды. Қарызы болса, салық төленбесе, біз оны қабылдамаймыз деген. Біздің бүкіл процедура шектелген, осы ережелермен. Ол бекітілген. Біздің қолымызда ештеңе жоқ, біз қазір, мысалы, көмектесе алмаймыз.

Түйіткілдің түйінін тарқату тікелей мәдениет және спорт министрлігіне байланысты. Осы мәселе бойынша комиссия құрып та үлгерген. Оң шешім қабылдаса, “қайранда қалған қайықтың күйін кештік” деген 160-қа жуық режиссер өз жұмысын аламанға қайта қоса алады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде