{metadescription}
Қарлы боран астаналықтарды әбігерге салды
Қарлы боран астаналықтарды әбігерге салды

Қарлы боран астаналықтарды әбігерге салды

Астанада бір тәулікте 144 жол-көлік апаты болды. Бәрі күн райының кенет бұзылуы салдарынан. Жұма кешкілік басталған ақтүтек боран елордалықтарды әбден әбігерге салды. Жол жабылып, толассыз жауған қар есік алдына шығуға мүмкіндік бермеді.

Қыстың бейнетінен енді құтылдым дегенде, тазалық жұмысшылары қолына қайта күрек алуға тура келді. Көктемнің ортасында ақ ұлпаға оранған Астананың қазіргі жағдайы қалай?

Астанада бүгін күн шәйдай ашық. Бірақ өткен демалыста жауған қарды тазарту енді ғана мүмкін, өйткені осы күндері елордаға бір айлық қардың нормасы түскен. Қарға адым жер көрінбейтін мұндай боран қыста да көп болған жоқ. Бірақ мұндайға еті үйренген астаналықтар дереу салып тастаған қысқы етігін қайта алып шықты. Енді тек қар ерігенде не боламыз деген қорқыныш бар. Биылғы бесқонақтың бес күні осылай есте қалатын болды. Ал оған дейін  жұмсақ қардан аққала жасап ойнауға мүмкіндік бар.

Екі күн тоқтаусыз жауған қар елордаға онсыз да кеш келетін көктемді үркіткендей. Өткен сенбі-жексенбі боранда құтқару бөлімшелеріне үш жарым мың қоңырау түскен. Айтса да, тыңдамай жолға шығып кеткен екі автокөлік эвакуацияланып, жолаушылары қалаға аман-есен жеткізіліпті. Екі күн ішінде Астанадан шығатын республикалық алты жол алпыс рет ашылып-жабылған. Ал бүгін барлығы кезек-кезек ашылып жатыр.

Бүгін елордалық оқушылар мен студенттерде сабақ жоқ. Ол түгіл, үлкендердің жұмысқа жетуі мұң. Есік алдында тұрған көліктерді қар басып, орнынан қозғалту мүмкін болмай қалған. Үйлердің арасы ашылмаған, амалдап көлікпен шыққандар тек итерумен жүр. Оның үстіне бәрі дөңгелегін жазғысына ауыстырып тастаған. Соның салдарынан өткен тәулікте елорда жолдарында 144 жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Мұндай ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланатын таксилердің де құны көкке ұшып тұр. Көлікті қойып, таксиге мінбей, автобуспен бара қоямын деген жұрттың да қалауы тез орындала қоймады. Себебі қоғамдық көліктер жолға шыққанмен, қарда қаңтарылып қалған. Оны адамдар өзі итеріп көмектесіп жүр.

Күні-түні тынбаса да, “Астана тазалықтың” да шамасы жетпей жатыр. Толассыз жауған ақ ұлпа мұндағылардың да екі аяғын бір етікке тықты. Әйтпесе жақында ғана қар тазалайтын күрегін жер қопаратын тырнаға ауыстырып, гүл егуге кіріскен еді. Бұл күндері мыңға жуық техника мен  екі мыңнан астам жұмысшы қаланы аршып әлек.  

Дархан Мұсабеков, «Астана тазалық» компаниясының өкілі:

- Ертең, арғы күні жалпы осы екі кұндегідей қар бола қоймайды. Өйткені ауа райы минус бір, минус екі көрсетіп тұр. Оған да дайынбыз. Екі күнде 23 мың шаршы метр қар шығарылды. Бұл жауған қар бір айлық нормадан екі есе асып кетті деуге болады. Өйткені бір айлық норманы есептегенде айына 22 см ғана жауады. Ал бүгінде, сенбіжексенбі күні 38-40 см дейін қар түсті.

Ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран жердегі ғана емес, әуе қозғалысына да кесірін тигізді. Халықаралық әуежайда 13 рейс ұшып келе алмай, 10 рейс ұшып кете алмай, күннің ашылуын күтті. Әзірге қалың қардың қызығын көріп жүрген балабақшаға бармай қалған бүлдіршіндер ғана. Алда әлі аяз, жаңбыр, көктайғақ болады деп күтілуде. Сондықтан астаналықтардың жұқа киімге ауысуына әлі ерте сияқты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде