Жаңаөзенде жарылыс болған үйдің тұрғындары өз болжамын айтты
Ауыз су құбырын ауыстырып жатқанда газ құбырын зақымдап алған. Жаңаөзендегі жарылыс болған үйдің тұрғындары апатқа қатысты осындай болжам айтып отыр. Осыдан екі-үш күн бұрын мердігер мекеме үй маңындағы ауыз су құбырын ауыстырыпты. Сол кезде жер астында жатқан газ құбыры тесіліп қалған көрінеді.
Автор: Айман Нұрмағанбет
18.04.2023
Жойқын жарылыстан зардап шеккен алты адамның екеуі ауыр хәлде дейді дәрігерлер. Ал баспанасыз қалған тұрғындар туыстарының үйін паналап жүр екен. Әкімдік жақын күнде далада қалғандарға пәтер кілтін табыстаймыз дейді.
Жарылыс болған үйдің маңын қоршап тастаған. Себебі: үй тұруға жарамсыз. Далада қалған жұрт жарылысқа құрылысшыларды кінәлап отыр. Айтуларынша, мердігер компания осы маңдағы ауыз су құбырын ауыстырған. Сол кезде газ құбырына байқаусызда зақым келуі мүмкін дейді тұрғындар. Себебі, құбыр ауыстырылғалы үйдің маңынан газ иісі шыға бастаған.
Нұрлан Исатаев, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Бір ай бұрын екінші шағынауданның айналасында, Сапаровскийдің артында су құбырын жүргізген. Сол уақытта қазған кезде осы 251 дің артында жарылыс болған, үйдің артында ГРП газ таратушы бар. Соған жолдың арғы бетінен келіп тұрған құбыр бар,150 миллиметр. Соның үстіне бұлар құбырды алды да, тастап, көміп тастады. Содан бастап, көміп тастаған соң иіс пайда болды.
Бір ажалдан аман қалған тұрғындар туыстарын жағалап жүр. Олар жергілікті биліктен тезірек жаңа қоныс тауып беруін сұрап отыр.
Дидар Ботабаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Үйіміз тұруға мүмкін емес. Қабырғасы құлап, қақырап түсіп жатыр. Едені айырылып жатыр. Жертөлеге түсіп кетті. Ендігі мәселеміз, біздің үйімізді шешсе, тұруға жарайтындай, уәдесінде тұрып үйін алып берсе. Сосын ауыр жағдайда жатқандарға барынша көмектессе.
Кешегі жарылыстан зардап шеккен алты адам ауруханада жатыр. Бірінің жағдайы күрт нашарлап, Ақтаудағы ауруханаға жеткізіліпті. Жансақтау бөлімінде жатқан екі науқастың жағдайы да ауыр дейді дәрігерлер. Оның бірі жүкті келіншек екен. Қатты шошынған науқас түсік тастапты.
Раушан Жапарова, Жаңаөзен көпбейінді ауруханасы директорының орынбасары:
- Екеуінің жағдайы өте қатаң. Екеуі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, бақылауда. Қазір Ақтаудың ауруханасынан мамандарды күтіп отырмыз. Медавиациядан травматолог, реаниматолог, кардиолог, сосын бас мамандар келу керек.
Жергілікті әкімдік баспанасыз қалған тұрғындарды далаға тастамаймыз дейді.
Жансейіт Қайнарбаев, Жаңаөзен әкімінің орынбасары:
- Бүгінде «Қазмұнайгаз» өкілдерімен Жаңаөзен қаласында бәріне бірдей екіүш бөлмелі үйлер қаралды. Тұрғындардың келісіміне қарай, сол үйлердің қарайтын боламыз.
Шенеуніктер жарылыстан зардап шеккен тоғыз отбасына үй алып береміз деп уәде берді. Тіпті бейсенбі күні жаңа пәтердің кілтін табыстамақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!