Алматы облысында тоғыз ауыл ауруханаға жарымай отыр
Алматы облысы Кеген ауданына қарасты 9 ауылдың тұрғындары бір ауруханаға жарымай отыр. Толғағы келген әйелдер мен созылмалы ауруы бар тұрғындар жүз шақырымнан астам қашықтағы аудан орталығына барады. Ал аяқасты оқыс жағдайға тап болғандарға тіптен қиын.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
18.04.2023
Бірақ ауылда былтыр ғана 880 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткен даңғарадай дәрігерлік амбулатория бос тұр. Қыруар қаржыға жөнделген емдеу мекемесінің шапағатын көрмедік дейді жүрт.
Оқыстан есінен танған азаматты ауылдастары жанармай тасымалдайтын көлікке мінгізіп ауруханаға әкелді. Өйткені ауылда жедел жәрдем көлігі жетіспейді дейді. Ал толғағы басталған әйелдер мен оқыс жағдайға тап болып өлім аузына түскен науқастар жүз шақырым жердегі ауруханаға таксимен баруға мәжбүр.
Несбай Қасымбаев, Тоғызбұлақ ауылының тұрғыны:
- Дәрі берілмейді. Екіүш күн болды, қанымда қант көтеріліп тұр. 10-нан 13-ке дейін шығып жатыр. Бір күн болса да бізге денсаулық керек қой. Содан кейін босанатын келіндерге өте қиын. Меркінің жолын көрсең, екіқабат әйел тұрмақ, жай адам әрең барады.
Айгүл Айтмаханова, Жалаңаш ауылының тұрғыны:
- Қазір бесінші балама аяғым ауыр. Бала_шағамызды тастап, Кегенге барып анализ тапсырамыз. Ол екіүш сағатсыз дайын болмайды. Оны күтіп тағы сарылып отырамыз. Бізді жедел жәрдеммен апармайды, өзіміз таксимен барамыз.
Бір қызығы, ауылда дәрігерлер отыратын нысан жоқ емес, бар. Үшқабатты даңғарадай ғимарат кезінде аурухана болған. Осыдан екі жыл бұрын бақандай 884 миллион 189 мың теңгеге күрделі жөндеу басталып, былтыр аяқталған. Алайда ауылда қыруар қаражатқа тұрғызылған тәп-тәуір ғимарат бола тұра, аймақтағы тоғыз ауылдың 11мыңнан астам тұрғыны әлі күнге дейін емделу үшін сенделіп жүр. Өйткені мұнда не маман жеткіліксіз, не құрал-жабдық жоқ дейді жұрт.
Гүлбақыт Қыстаубаева, Жалаңаш ауылының тұрғыны:
- Неге хирургия бөлімшесін ашпасқа? Аяқасты іші ауырып, аппендицит болса, Кегенге барады. Ол барғанша іші қанға толып кеткен балалар бар. Екінші, мына үлкен ғимарат берілді. Екі, үшінші қабаты пайдалануға берілген жоқ. Себебі, менің ойым, бұның артында үлкен депутаттың немесе үлкен маманнаың ағасы тұр. Дөкейдің баласы тұр. Бұл сатылып кеткен деп ойлаймыз.
Осылайша тұрғындар миллиардқа жетіп қалған қаражатқа жөнделген ғимараттың пайдасын мүлде көрмедік деп отыр. Сондықтан амбулаторияны тездетіп ауруханаға ауыстыруын талап етті. Бірақ аудандағы болсын, облыстағы болсын атқамінерлерге халықтың пікірі қызық емес сияқты. Олар амбулаторияны аурухана қылып өзгерту үшін халық саны 30 мың болуы керек деп тұрып алды.
Ерлан Шоқаев, Алматы облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- ҚР заңнамаларына сай, ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілгенде жоба құнына материалдықтехникалық базаны жаңалау кірмейді. Жалаңаш ауылында орналасқан емдеу мекемесіне тіркелген тұрғындар саны бүгінгі күнде 2578. 2020 жылғы 15 қазандағы ҚР ДСМ №133/2020 "Денсаулық сақтау ұйымдары желісінің мемлекеттік нормативін бекіту туралы" бұйрығы бойынша «Ауылдық аурухана» статусы жоқ (аудандық аурухана құрылуы үшін сол елдімекенде 30000 халық болуы керек.
Халық санының аз екенін біле тұра, шенеуніктер бақандай 800 миллионды амбулатория жөндеуге неге бөлгені түсініксіз. Тіпті алдағы уақытта емдеу мекемесіне қажет аппараттарға тағы 100 миллионнан астам теңге бөлініпті. Алайда Жалаңшпен қоса, 9 ауылдың халқы атқамінерлерден күдер үзіп кеткен. Жұрттың талабы бір – амбулаторияны ауруханаға ауыстыру.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!