Әскерден қашқан СҚО тұрғындары Ресейде бас сауғалап жүр
Солтүстік Қазақстан облысының 200-ден аса тұрғыны әскерден жалтарып, көршілес Ресейде бас сауғалап жүр. Олардың ішінде 120 азаматтың білім алып жүргені расталса, әскерге шақырту кейінге шегеріледі.
Автор: Мерей Қалиасқар
18.04.2023
Бірақ қашып жүргендерді күштеп елге әкелуге құқығы жоқ дейді әскерилер. Осы ретте Көші-қон заңнамасы ғана шекара асқандарды Отанына қайтара алады. Бүгін бұл құжат Сенатта талқыланды. Жоғарғы палатада әскери қызметшілерге қатысты қандай мәселелер талқыланды?
Әскери салаға қатысты сауал көп, түйткілді мәселелер де жетіп артылады. Сенат депутаты Геннадий Шиповских бейбіт күнде азаматтарымыздан айырылып жатқанымызға алаңдап, әскердегі қарым-қатынасты реттеуге бағытталған комиссияға көңілі толмайтынын жеткізді. Тек соңғы үш жылда 300-ге жуық сарбаз қаза тапқан. Биыл 11 отбасы әскерге жіберген ұлын табытпен қарсы алды.
Геннадий Шиповских, Сенат депутаты:
- Әрине, бір жағынан оларды да, атааналарын да түсінуге болады. Қазіргі заманда 18 жасқа дейін мәпелеп өсірген баласын аман-есен әскерге жіберіп, одан кейін оны мүгедек күйінде немесе табытпен қарсы алып жатса, кімге жақсы ?! Менің ойымша, біз әскердегі тәртіпсіздікті реттемей, парақорлықты арттырып жатырмыз.
Өз кезегінде бас әскери прокурордың бірінші орынбасары сарбаздардың келеңсіз жағдайларға тап болуына көбіне әскерге дейінгі проблемалар түрткі болатынын алға тартады. Мақсат Қазиев бұл ретте психологтардың жұмысын күшейту қажет дейді. Командирдің де қолдауы да аса маңызды. Алайда олардың қағазбастылықтан қолы босамайтын көрінеді.
Мақсат Қазиев, ҚР Бас әскери прокурорының бірінші орынбасары:
- Жыл сайын командир 720 құжат толтыруы керек. Осы орайда сарбаздарға қарап, психологиялық тұрғыда немесе басшы ретінде көмегін қалай көрсетеді? Таңертеңнен кешке дейін ол рапорт толтырумен жүреді.
Жауапқа қанағаттанбаған сенатор әскердегі қайталанып жатқан проблемаларды жою үшін қатаң шешім, яки жаза қарастырылу керек деп отыр. Келеңсіз жайттардың жиілеп кетуіне тағы бір себеп — әскери бөлімдердің бейнекамерамен қамтылмағаны. Бақылау жоқ жерде былық көп. Шекара қызметінде 358 нысанның 104-ті ғана бейнебақылау бар екен. Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары қаражаттың жетіспеушілігін алға тартты. Жалпы әлімжеттіктің алдын алу үшін мерзімді қызметшілер апта сайын тексеріліп тұрады, жағдай бақылауда дегенімен, оған сенаторлар сене қоймады.
Әлішер Сатыбалдиев, Сенат депутаты:
- Комиссияның, жұмысшы топтың жұмысы формалды түрде деген ой қалыптасады. Айтып өттіңіздер, суицид жағдайында бұл жерде жауапсыз қалған махаббат, кредит, басқа мәселер әсер етеді деп. Мұның барлығы жылы жауып қою деп есептеймін.
Құзырлы министрлік өкілдері Отан қорғаушылардың оң имиджін қалыптастырып, оны кеңінен насихаттау бойына біршама жұмыс атқарылатынын айтады. Сайып келгенде қоғамда әскерилерге деген көзқарас түбегейлі өзгеру үшін, сапқа тұратындардың қатарын толықтыру үшін идеологияға ерекше ден қойылмақ.
Тілеухан Басқожаев, ҚР ҚМ Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы:
- Әскер туралы сериал Алматыдағы құрлықтық әскери институты десантшабуылдау факультетінде түсіріліп жатыр. Жалпы 10 сериал болады. Болашақта сериалдың үлкен әсері болады деп сенеміз.
Осылайша жауаптылар жастарды патриоттыққа баулып, әскерге баруға ынталандыруды көздеп отыр. Ал талқылауда айтылған сын-пікірлер ескерусіз қалмай, бір нәтиже шығарамыз деді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!