Алматыда «Кенжехан» базарының сатушылары шу шығарды
“Бес миллион теңге бермесек, базардан кетіреді”. Алматыда «Кенжехан» базарының мың жарым сатушысы осылай деп шу шығарды. Айтуларынша, жазда сауда нысаны күрделі жөндеуге жабылады. Ал оның ақшасын базар басшысы осындағы кәсіпкерлерден бір айдың ішінде өндіріп аламақшы екен.
Автор: Асқарбек Қазанғап
18.04.2023
Ол қаншалықты заңды? “Соманы азайтып, бөліп төлеуге мүмкіндік берсін” деген саудагерлердің талабы орындала ма?
“Кенжехандағы” кәсіпкерлер бүгін таңғы саудадан қағылды. Бәрі бірауыздан дүңгіршегін бекітіп, тайлы-тұяғы қалмай базардың алдына жиналды. Өйтпеске амалы қалмаған. Жазда күрделі жөндеуге жабылады. Сол үшін 1600 сатушыдан 5 миллион теңге жинамақ болған басшылықтың бассыздығын түсіне алмай дал.
Қадырәлі Жұмадүрді, саудагер:
- Тақалған кезде тағы 10 мың доллар керек дейді. Расында бір айда 10 мың доллар іс жүзінде ешкім шығара алмайды. Ол кепіл. Бүйту керек қой, бірінші, мен өзім заңды оқығанмын, шарт әкелу керек, әкімдік рұқсаты керек. Қызыл сызықта бар ма, жоқ па?
Кезінде контейнерді қып-қызыл ақшаға сатып алған кәсіпкерлер шаш-етектен шығынға батайын деп тұр. Ол кездегі келісімнің күші болмақ түгілі, санасып жатқан ешкім жоқ. Өйткені бір жыл бұрын ауысқан базар басшылығы бұған бас қатырмайды дейді.
Ануза Дәуітова, саудагер:
- 2014 жылы 12 500 доллардан бәріміз сатып алғанбыз. Енді бүгін контейнерлерімізді кері сатып алуымыз керек екен. Мысалы, менің екі орным бар, жиырма мың долларға бір айдың ішінде аяқасты тауып бере алмаймын. Өйткені алдымызда маусым келе жатыр.
«Кенжехан» базары 2014 жылы ашылған. Негізінен аяқ-киім, киім-кешек және құрылыс материалдарын сатады. Екіқабатты контейнерлерден соғылған. Ал оны жалға алу құны қанша? Есептеп көрейік. Орташа базар әкімшілігіне 50 мың, ал оны сатып алған қожайынға 150 мың теңге төлейді. Сонда ай сайынғы төлем орташа 200 мың теңгеден асады. Контейнер темірден болғанмен, мұндағы бағасын естіп алтынмен апталған ба дерсің. Сегіз шаршы метрлік контейнердің құны қаладағы бір бөлмелі пәтермен пара-пар.
- “Мына контейнерді алғың келсе, 16 миллион бер, сөйтіп сатып ал” дейді маған.
- Бұл контейнерді қашан қойды?
- Кеше, дүйсенбіде қойыпты, 16 миллионд қайдан табамын?
Былтыр келген жаңа басшыны ешкім көрмеген. Тегін ғана біледі. «Ким деген кім?» деп ара-кідік сұрап қояды. Оның орнына өзін атқарушы директормын деген базар өкілі келді. Күрделі жөндеуге 1600 саудагерден 5 миллион теңгеден ақша жиналатынын жасырмайды. Есептесек, 8 миллиард теңге. Ал модернизацияның өзіне 10 миллиард жұмсалса, соның 80 пайызы кәсіпкелердің қалтасынан шыққалы тұр.
Ардақ Тажиев, «Кенжехан» базарының атқарушы директоры:
- Үкімет ақша береді, бәленбай миллиард модернизацияға, қарызға деген. Бірақ несиені әзірге бермей жатыр. Оған сол үшін халық өзі ақшасын шығарады. Бірақ әр адаммен келісімшарт жасаймыз.
Сатушылар жаппай осылай жиналады деп ойламаса керек, базар басшылығы сасып қалғандай. “Бөліп төлеуге мүмкіндік береміз” деп тігісін жатқызғысы келді. Бірақ кәсіпкерлердің келіскісі жоқ. Әкімдікке үні жетіп мәселе шешілмейінше, тыншымаймыз деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!