KFW дизайнерлері көктем мен жаздың сәнді киімін ұсынды
Алдағы көктем мен жаз мезгіліне ақ пен қара түсті киімдерді таңдаңыз. Kazakhstan fashion week-ке келген дизайнерлер осылай кеңес береді. Барлық сәнқой өз топтамасына ұлттық колоритті қосқан. Ою-өрнек трендте.
Автор: Салтанат Шырынхан
18.04.2023
Елімізде сән апталығы биыл 32-ші рет ұйымдастырылып отыр. Оған Қырғызстанның шеберлері де қатысуда.
Сахна сыртындағы абыр-сабыр сән шарасының маңызды бөлігі. Шаштараз, әрлеушілер мен дизайнерлер қызу дайындық үстінде. Өйткені үздіксіз ізденістің нәтижесін көрсететін сәт тек бүгін. Сәнқой бикештерге биылғы жылдың көктем мен жазына арналған топтамалардың түр-түрі ұсынылмақ.
Биылғы сән апталығының безендірілуі де ерекше. Үнемі шетелдік стильде әсемделетін подиумға бүгін ұлттық нақыш берілген. Сондай-ақ подиумның ұзындығы 200 метр. Ұйымдастырушылар бұл Kazakhstan Fashion Week-тің 32 жылдық тарихындағы жетістігі екенін айтады.
Алексей Чжен, Kazakhstan Fashion Week арт-директоры:
- Байқасаңыздар, декорацияны көшпенділер тақырыбына арнап жасадық. Аауылдың тыныстіршілігін заманауи өңдеп көрсеткіміз келді. Менің ойымша, отандық дизайнерлердің еңбектерінде ұлттық құндылық бірінші орында тұру керек. Яғни өзгеден үйренетін емес, өзгеге үйрететін сәт жетті. Өйткені елімізде, қазақ халқында ауыз толтырып айта алатын, мақтанышпен көрсететін дүниелер өте көп.
Сән апталығы елімізде жылына екі реттен өткізілетін шара. Дизайнерлер күз бен қыс және көктем мен жаз маусымында сәнқой қыз-келіншектерге қалай киіну керектігін ұсынады. Отандық дизайнер Назым Қарпықованың да Kazakhstan fashion week қатысып келе жатқанына жеті жылдан асқан. Содан бері әр топтамасын қойылым ретінде көрсетуді әдетке айналдырыпты.
Назым Қарпықова, дизайнер:
- Шетелде болдым, жұмыс сапармен. Келгеннен кейін екі апта қалды, сол екі апта ішінде 33 көйлек тіктік. 33 көйлектің ішінде көбінесе ашық түстер. Бірақ бірінші коллекциямызды қара түстен бастаймыз. Себебі, мен әрқашанда бір кішігірім қойылым қойғым келеді. Бұл қойылым бір әйелдің өмірі жайлы, өзінің бір ғұмыры туралы айтылған топтама.
Дизайнер әйел ғұмырының әр кезеңін көйлектерінің түсі арқылы сөйлеткен. Алғашқы қара киімдер қайғыны білдірсе, артынша, оны бірте-бірте жеңгенін ашық түсті образдармен суреттепті.
Ал Қырғызстаннан келген дизайнер Залкар Аскаралиевке әр туындысы аян арқылы келеді екен. Сөйтіп ұйқыдан ояна сала, шебер түсінде көргенін қағаз бетіне түсіреді.
Залкар Аскаралиев, дизайнер, зергер (Қырғызстан):
- Мына көзілдірігімді зергерлік сымнан өз қолыммен жасадым. Бұған да түсімде аян ретінде көрген үлкен мүйіздерді келістірдім. Бүгінгі топтамамның осылайша, атауы Аян. Бұған дейінгі “Түсімде” деген көйлектерімнің жалғасы. Осылайша тынық ұйқыда жатқанда пайда болған туындыларым сән апталығының екінші күнінде қазақтың сәнсүйер сылқымдарына ұсынылатын болады.
Kazakhstan fashion week-ке қатысушылардың ең кішісі 16 жаста. Үлкен подиумға шығуға Қырғызстан мен Ресейден де жас қыздар іріктеуге қатысыпты. Дизайнерлер биыл ұлттық нақыштағы және ақ пен қара араласқан классикалық үлгідегі киімдер сәнде екенін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!