Президент коммуналдық жүйеге цифрлық бақылауды енгізуді тапсырды
Коммуналдық тарифтер өседі. Өйткені жылу құбырларын жөндеу керек. Онымен қоса жаңа қуат көздерін іске қосып, жұмысшылардың жалақысын көтеру қажет. Бүгін президент коммуналдық жүйеге цифрлық бақылауды енгізуді тапсырды. Себебі, жұрт төлеген ақшасының қайда кетіп жатқанын білуге құқы бар.
Автор: Әзиза Төленби
19.04.2023
Бұл саланың монополистер қолына өтіп кетуінің қияметін былтыр күзде бүтін бір Екібастұз жұрты көрді. Сондықтан, алынған, төленген, жасалған жұмыстың бәрі қадағалануы тиіс. Ал Екібастұздағы сегіз қазандық биылдан қалмай жөнделеді. Павлодар облысы әкімінің айтуынша, акционерлер де ақшадан аянбай жатыр екен. Мысалы, «Орталық Азия Электр энергетикалық Корпорациясы» акционерлік қоғамы қазандықтарды, қосалқы жабдықтарды және ғимараттарды жөндеуді өз мойнына алыпты. Оған төрт миллиард теңгеге жуық қаражат бөлген. Маусым айында станция иелері қосымша 6 миллиард теңге қаражат салады деп күтілуде. Жалпы, Екібастұз жылу электр орталығының акционерлері жөндеу жұмыстарына 10 миллиард теңге қаражат жұмсамақ. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те авариялық жылу қазандықтарын өзі тексеріп, енді төтенше жағдайдың орын алуына жол бермейміз деп отыр.
Асаин Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында барлығы 40 жабдықты жөндеу, ұзындығы 49 шақырымнан астам жылу желілерін қайта жаңарту, сондай-ақ ұзындығы 25 шақырым желілерді ағымдағы жөндеу жоспарланған. Үкімет осы жобаларды қаржыландыруды толық қолдады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!