Павлодарда мердігер әкімдіктен 304 миллионын қайтарып алатын болды
Павлодарда жол құрылысын жүргізген мердігер әкімдіктен 304 миллион теңгесін қайтарып алатын болды. Бүгін сотта даулы іс кәсіпкердің пайдасына шешілді. Бірақ еткен еңбектің ақысы бірден қолға түспейін деп тұр.
Автор: Руслан Әбдіхалық
19.04.2023
Себебі: фирма енді өзін жосықсыз серіктестік еместігін дәлелдеуі тиіс. Тек сонда ғана қарыз қайтарылмақ. Жол саламыз деп соттан-сотқа сабылғандар жайын КТК тілшісі біліп келді.
Павлодар әкімдігі мен жол жөндейтін Partners Realty компаниясы бірнеше айдан бері тартысып келеді. Мердігер шенеуніктерден 304 млн. теңгесін қайтара алмай жүрген. Ал атқамінерлер өздерінікін дұрыс деп сотқа жүгінген болатын. Яғни олар компанияға ақшаны бергісі келмей, жұмысты шала деп шағым түсірді. Бүгін судья сол сағызша созылған істі бизнесменнің пайдасы шешіп берді. Енді атқарылған жұмыстың ақысы толықтай өндірілуі тиіс.
- Атқарылған жұмыс актісін жарамсыз деп тану бойынша өндіріске алынған іс қысқартылсын. Шешім әлі күшіне енген жоқ. Бұл бойынша 10 күннің ішінде прокуратура немесе ауданаралық экономикалық сот арқылы шағым түсіруге болады.
Алайда бұл қаражат бірден қолға түспейді. Өйткені бұған дейін сот шешімімен серіктестік «жосықсыз фирма» деп танылған. Мердігер өзін ақтау үшін апелляциялық шағым түсірген. Іс бизнесменнің пайдасына шешілгенде ғана қаражат толық төленеді.
Мұрат Адам, адвокат:
- Фирма әбден тығырыққа тірелген. Қаражат берілмегенсін, жұмысшыларға да ақшасын төлей алмай қиналды. Біраз адам ақысыз демалыста жүр. Бұл жағдай компанияға ауыр соққы болды. Енді апелляциялық сотта шешім біздің пайдаға шеліледі деп үміттенеміз. Біз соңына дейін барамыз.
Бұл дау бірнеше айдан бері жалғасып келеді. Мердігер қаладағы төрт шақырымнан астам жолға ағымдағы жөндеу жүргізген. Жеме-жемге келгенде әкімдік атқарған жұмыстың ақысын бермей сенделтіп қойыпты. Тіпті атқарушы билік қысым жасап, біраз кедергілер келтірді дейді құрылыс компаниясының өкілдері. Айта кетейік, Астаналық фирма әу баста Павлодардағы 3 млрд. теңгенің жобасын да жеңіп алған. Бірақ тапсырыс берушілер амалын тауып, тендерді жергілікті фирмаға ұтқызыпты. Елордалық компания кейін сотқа шағымданып жатып, әзер дегенде үлкен жобаның бір бөлігін ғана алған. Қазір соның ақшасын ала алмай, Жоғарғы сотқа дейін барып әлі сабылып жүр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!