{metadescription}
Үкімет Қасым-Жомарт Тоқаевтан тағы да сын естіді
Үкімет Қасым-Жомарт Тоқаевтан тағы да сын естіді

Үкімет Қасым-Жомарт Тоқаевтан тағы да сын естіді

Үкімет қабылдаған шешімдер тек қысқа мерзімге арналған. Соның салдарынан бюджет те шашылады, ел де бекер үміттенеді. Былтыр экономика бар-жоғы 3,2 пайызға өскен. Бүгін Үкімет тағы да Қасым-Жомарт Тоқаевтан сын естіді. Кеңейтілген отырысқа келген президент министрлердің ғана емес, барлық жергілікті органдардың жұмыс тәртібін жіпке тізді.

Аймақ басшылары инвестиция тартуға баса мән беруі қажет. Бұл ретте елге тартылған үлкен инвестициялық жобаларды прокурорлар жіті қадағаласын дейді президент. Министрлермен қоса, әкім-қаралар түгел жиналған бүгінгі Үкімет отырысында тағы не айтылды?

Үкіметтің бүгінгі кеңейтілген отырысы расымен кең залда болды. Әдетте мемлекет басшысы мұндай жиынды тек Министрлер кабинетімен өткізетін. Ал бүгін қызыл орындықтар лық толды. Мұнда облыс әкімдерінен бөлек, қала, аудан басшылары, депутаттар шақырылған. Өңір-өңірден келген мәслихат мүшелері президент алдында сөз алды. Ал Қасым-Жомарт Тоқаев, әдеттегідей, бәрін тыңдағаннан кейін, Үкімет пен жергілікті басқару органдардына тапсырмасын берді.

Үкімет жұмысына президенттің көңілі толып отырған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономика мен мемлекеттің қауіпсіздіктен бастап, көшеде қаптаған бұралқы ит туралы да сөз қозғауына тура келді. Бәріне кесірін тигізген ит қана емес, жүгенсіз кеткен инфляция. Жұрттың айлықтан-айлыққа дейін күн көруіне 21 пайызға дейін өсіп кеткен инфляция себеп. Ол үшін экономиканы әртараптандыру керек. Бұған Үкімет қана емес, бай-бағландар да ат салыссын деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Табысты осы жерден тауып, шетелде шашу әдетінен арылу керек. Есесіне, елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуге көбірек үлес қосуға ұмтылған жөн. Ірі кәсіпкерлер Қазақстанда тапқан табысын басқа жақта емес, өз еліміздегі бизнесін дамытуға жұмсағаны абзал. Жұмысын осы талапқа бейімдей алған ірі кәсіпкерлер нағыз ұлттық бизнесэлитаға айналады. Халықтың құрметіне бөленіп, мемлекеттің қорғауы мен қолдауына ие болады.

Біз де ет те, сүт те, дәнді дақыл да бар. Өндіріп өнім алу үшін барлық жағдай жасалады. Бірақ қарапайым қойманың жоқтығынан ол не үсіп кетеді, не көгеріп тынады. Сондықтан импортқа тәуелдіміз. Сол себепті халықтың айлығы тек ішіп-жемнен артылмайды. Миллиардтаған субсидия, салықтық жеңілдіктер, әлеуметтік баға деген түсініктердің бәрі құмға сіңген судай. Есесіне шенеуніктер Ұлттық қорға қол жаю әдетінен арылар емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жаңа индустриялық жобаларға қаржы салыңыздар. Қазақстанда жаңа өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құрыңыздар. Сонда мұндай активтерге және оның иелеріне қатысты ешқандай мәселе туындамайды. Тағы да қайталап айтамын. Біз адал әрі ашық жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне барлық жағдайды жасаймыз.

Өзге елде ішетін судың да сұрауы бар. Ал бізде бәріне еркіндік танытқасын, барлық салада монополия. Бұдан арылуды енді ведомствоаралық комиссия қадағалайды. Оған заңсыз шекара асқан активтерді қайтару, адал бәсекелестік жасау жүктелмек. Яғни бизнеске дамуға дем беріледі. Бұл тұрақты жұмыс орындарының көбейюіне септігін тигізетіні шүбәсіз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Жанаржағармайдың бағасын көтеру мәселесіне де дәл осылай қараған жөн. Түскен қаржыны делдалдар, яғни алыпсатарлар иемденіп кетпеуі қажет. Оны жаңа мұнай-газ жобаларын жүзеге асыруға және мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға жұмсау керек. Сондықтан Үкімет мұнай өнімдерінің бағасын қайта қарау кезінде мемлекетке төленетін салықты арттыру жөнінде қосымша шаралар қабылдауға тиіс.

Бұл жолы сынға ілінген тек министрлер емес. Депутаттарды да президент сөзбен түйреп өтті. Мысалы, осыдан үш жыл бұрын елімізде тұрғынүйлерде меншік иелері бірлестігін құру туралы заң қабылданған. Мемлекет басшысы бұның әу бастан қате шешім болғанын айтты. Салдарымен енді әкімдер күреседі.    

Әкімдерге жүктелген міндет бұл ғана емес. Енді олар өз қаласын осылай жаяу аралауы керек. Бұны да мемлекет басшысының айтуына тура келді. Үйіміз ескі, балалар алаңы жабылмаған, көшемізде асфальт төселмеген деген сияқты хаттар Ақордаға күн құрғатпай келеді екен. Бұл тек бір өңірдің емес, елдің имиджіне нұқсан келтіреді дейді президент.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде