Ақтөбеде мембағдарламамен салынған екі үйдің қабырғасы сөгіліп жатыр
Ақтөбеде мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған екі үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіруді талап етеді. Осыдан небәрі үш жыл бұрын қолданысқа берілген баспаналардың іргетасы үгітіліп, қабырғасы сөгіліп жатыр. Тұрғындар сапасыз салынған үй құлап қала ма деп қорқып отыр. Тексеруге комиссия келіп кеткенімен, әлі нақты қорытынды шығармапты.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.04.2023
Осыдан екі-үш жыл бұрын қоныс той тойлаған Есет батыр тұрғын үй алабындағы қос үйдің тұрғындарынан маза қашқан. Алғашқыда мінсіз көрінген баспана күн өткен сайын қауіпті болып барады. Жауынды күні шелектеп су ағатын шатырды айтпағанда, үй қабырғасындағы жарықтар үлкейіп барады. Пәтердің ішінен сол жарық саусақ сиярлықтай. Тұрғындар үйіміз опырылып құлай ма деп алаңдайды.
Гүлнар Базарова, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Мынау мынадай жағдайға ұшырап отырмыз. Өте қиын жағдай. Көріңіздер, ана несінің блогының өзі жарылып жатыр. Ол қалай енді, үстімізге құлайды ғой. Мен өзім бірінші қабатта тұрамын. Күн мен түнде ұйқы жоқ. Қан қысымым көтеріліп, құлап тұрдым.
Аманғали Асанбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Басқа жерден дені дұрыс үй берсін. Мынау бүгін құлап қала ма, ертең құлай ма деп отырамыз ба?! Қорқып отырмыз. Талабымыз сол.
Өмір бойы құрылысшы болып еңбек еткен Сырым Мәмбетов мұндай сапасыз құрылысты комиссияның қалай қабылдап алғанына таң қалып отыр. Үйді «Машат» деген компания салған екен. Жертөледегі қақыраған жардан-ақ жағдайды аңғаруға болады.
Сырым Мәмбетов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Апат айтып келмейді ғой. Мынау күрт кетіп қалатын болса, Түркиядағыдай, бұл үй құлайды. Құлайтыны көрініп тұр. Сырттан да іргетасы отырып бара жатыр. Бұл үй тұруға жарамайды. Көздеріңіз көріп тұр. Пендеміз ғой, біреулер айтуы мүмкін, жаңа үй алып кетеміз деп отырған шығар. Мына күйде тұруға мүмкін емес.
“Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша салынған бұл үйлердің іргетасы жөнді құйылмаған. Ал қабырғаларын құрғақ балшықпен майлап қана кеткен. Қаланған кірпіштеріне не цемент, не құр батпақтың өзі тимепті, сыдырылып түсіп жатыр.
Әкімдіктегілер құрылыстың кепілдік мерзімі өткенін айтады. Бірақ оған қарамастан, сарапшылар тартып, техникалық тексеруге кірісіпті.
Ақнұр Қазбаева, Ақтөбе тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Біздің мамандар Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімімен бірге орынға шығып тексерді. Осыған байланысты техникалық тексеру жүріп жатыр. Осы аптаның соңына дейін қортындысы шығады. Осы қортындысына байланысты жұмыс жалғасатын болады.
Сарапшылар бұл үйде тұру мүмкін емес деп шешім шығарса, мердігерді дереу сотқа береміз деп отыр шенеуніктер. Ал қолға қорытынды тимейінше, 48 пәтердегі тұрғындардың қауіпсіздігі жайлы әзір ештеңе айта алмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!