{metadescription}
Алматылық үлескерлер: "Ақшамызды өтемақысымен қоса қайтарсын"
Алматылық үлескерлер: "Ақшамызды өтемақысымен қоса қайтарсын"

Алматылық үлескерлер: "Ақшамызды өтемақысымен қоса қайтарсын"

“Ақшамызды өтемақысымен қоса қайтарсын”. Алматыдағы «Весновка» және «Үшқоңыр» тұрғын үй кешені үлескерлерінің ендігі талабы осы. Ақыры пәтерге қол жеткізе алмаған тұрғындар қаражатымызды 20 пайыз үстемемен берсін дейді. Өйткені бастапқы жарна төлеу үшін несие алғандар қарызға  белшесінен батқан.

Ал құрылысқа жауапты КВ Development және «Лидер групп» компаниясының алты қызметкері қазір қамауда отыр.

Атышулы «Весновка» мен «Үшқоңыр» тұрғын үй кешендерінің үлескерлері осы жолы үйлі боламыз деген үмітін үзген. “Тірнектеп жиған ақшамызды нағыз алаяқтарға ұстатыппыз” деп қапалы. Өйткені үш жылдан бері қолына тиген не пәтер кілті, не қайтарып алған қаражаты жоқ. Тіпті күннен-күнге қарызға шаш етегінен батқан. 

Салтанат Мүбәракова, үлескер:

- Мен өз басым ақшаны құятын кезде көп адамнан қарыз алдым. Желтоқсанда беретін кезде және де күйеуіміз екеуіміз бірігіп несие алдық. Желтоқсанның аяғында үйімізді алу керек болды. Бірақ құрылыс әлі жүріп жатты. Біз сату бөліміне барған кезде: пәтер алмайсыңдар, өйткені бізЛидер группен” шартты бұздық деді.  

Мәселе сатумен айналысатын «Лидер групп» пен құрылыс компаниясының арасындағы келісім үзілгеннен кейін туындаған. Яғни кезінде үйді сатқандар барлық үлескерден жиналған ақшаны мердігерге өткіздік деуден танбайды. Ал қаражатты қайтаруға құлықсыз құрылыс компаниясы баспанаға қол жеткізгісі келетіндерге жаңа талап қойған.

Ринат Құрманғазы, үлескер:

- Біз басында үй аламыз дедік. Бірақ қазір “Весновка” кешенін салып бітіре алмайды. Екінші жағынан, кезінде 500-600 мыңнан, сол кездегі нарық бағасымен сатып алғанбыз. Олар қазір кешендегі әр шаршы метрді 800 мыңнан сатамыз деп отыр. Ал бізде ондай ақша жоқ, біз сол уақыттағы нарық бағасымен сатып алғанбыз.

Мәселен, «Үшқоңыр» тұрғын үй кешені қолданысқа берілуге дайын. Бірақ компания басшысының атына түскен арыз бойынша екі жылдан бері бұғат қойылған. «Весновка» тұрғын үйінің құр қара қаңқасы ғана тұр. Ары-бері жүгіруден шаршаған жұрт енді қаражатының кері қайтарылғанын қалайды. Яғни үлескерлердің қорғаушысы пәтерге құйған ақшаны өтемақысымен қосып төлеуін талап етіп отыр.

Мария Ян, адвокат:

- 2021 жылы үйді сату туралы жарнаманы шығарып, барлық адамнан ақша жинап алған. Сол уақыттан бері тұрғындар қомақты соманы сақтаған болса, пайыз мөлшерлемесі көтерілер еді. Азаматтық кодекске сай, мердігердің, не сатумен айналысатын агенттіктің кесірінен келісім жүрмеген жағдайда екі есе көлемінде шығынды өтеу көзделген. Құрылыс компаниясы өзіне дұрыс агенттік таңдай алмағанына халық кінәлі емес. Сол себепті екі ортада үлескерлер зардап шекпеуге тиіс.

Қорғаушы қос компанияның қызметкерлері қамауға алынса да, ғаламторда үйді сату туралы жарнама әлі тұр дейді. Яғни сатып алу тәртібі де баяғыдай. Тек бастапқы 20 пайыз жарнасын төлеп, қалған қаражатты үй пайдалануға берілгеннен кейін төлеуге болатыны көрсетілген. Полиция департаменті қазір ұсталғандарға қатысты тергеу жалғасып жатыр дейді.

Салтанат Әзірбек, Алматы ПД ресми өкілі:

- Аталмыш дерек соталды бірыңғай реестрде ҚК 190-бабының 4-тармағы бойынша тіркеліп, Алматы полиция департаментінің тергеу  басқармасы жүргізіп жатыр. Жүзге жуық жәбірленушілер бар.  Күдікті алты адам қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр.

Істің сотқа жолдануына аз уақыт қалған. Егер күдіктілер кінәлі деп танылса, 7 жылдан аса бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Сондай-ақ, үлескерлердің ақшасы кері қайтарылатыны, үстеме беріле ме, жоқ па, ол тек сотта белгілі болады.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.