Семейде күрделі жөндеуден өткізілген үйден су сорғалап жатыр
Семейде терможаңғырту бағдарламасымен күрделі жөндеуден өткен үйдің шатырынан су сорғалап жатыр. Малмандай су болған тұрғындар бос ыдыстың бәрін тамшының астына тосып қойыпты. Қазір баспана ылғалданып, қабырғсы сыз тарта бастаған. Тұрғындар бұған шатырды жапқан мердігерді кінәлайды.
Автор: Ұлан Нұрахмет
21.04.2023
Алайда құрылыс компаниясының кепілдік мерзімі аяқталған екен. Судың астында қалған жұрт жергілікті биліктен шұрық-тесік шатырды қайта жамап беруді талап етуде.
Жоғарғы қабатта орналасқан барлық пәтерде осы көрініс. Тамшы астына тосқан ыдыстан аяқ алып жүре алмайсың. Сорғалаған судың астында тұрып жатқандардың бірі Рухия Қайынбаева. Пәтеріне жөндеу жүргізген ол енді шаш етектен шығынға баттым деп шырылдап отыр.
Рухия Қайынбаева, Семей қаласының тұрғыны:
- Былтыр 3 млн. теңгеге жөндеткем. Биыл үйіміздің жағдайы осындай болып тұр. Қайтадан 3 миллионға жасауға ешқандай жағдайымыз болмай тұр.
120 пәтерлі баспана терможаңғырту бағдарламасымен сегіз жыл бұрын күрделі жөндеуден өткізілген. Сол сәтте, төбе жабындылары толық жаңартылған. Алайда екі жыл өтпестен жаңа шатырдан су сорғалай бастаған. Енді жұрт жауын-шашын күндері шатыр күзетуге мәжбүр.
- Уақуақ қарап отырамыз. Толып кетеді. Кәріз құбырына ағызып отырамыз. Толып кетсе, бәрі үйге кетеді.
Ал құрылыс жүргізген мердігерді үйдің кем- кетігін түзеуге міндеттеу мүмкін емес. Өйткені кепіл мерзімі әлде қашан аяқталған. Сондықтан мамандар тұрғындың сотқа жүгінуден басқа амалы жоқ дейді.
Серік Байділдәнов, Семей тұрғын үй қатынасы және тұрғын үй инспекция бөлімінің бас маманы:
- Кейін ақаулар шығып жатқан жағдайда оның кепілдік сапа мерзімі бар. Сол кезде жұмыс жүргізген мекемеге өтініш беру керек еді. Енді қазір уақыт өтті. Қазір 2023 жыл. Бұл жағдайда тек сот арқылы ғана шешу керек.
Сондай-ақ бағдарламаға жауапты шенеуніктер тұрғындарға тығырықтан шығатын тағы бір жол ұсынды. Олардың айтуынша, мемлекеттік бағдарлама арқылы су сорғалаған шатырды дереу қалпына келтіруге болады. Егер тұрғындар тарапынан өтініш түссе, қаржы бөлуге қарсы емес.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!