Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына сот үкімі шықты
Мемлекетке опасыздық жасап, билікті күшпен тартып алмақ болғандардың жазасы жеңіл емес. Бүгін Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына үкім кесті. Бірнеше бап бойынша тағылған айып — ауыр.
Автор: Әзиза Төленби
24.04.2023
Сот процесі де, оған дейінгі тергеу де «аса құпия» белгісімен жүргізілген болатын. Сонымен, сот Мәсімовті үш бірдей бап – мемлекетке опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және қызметін асыра пайдалану бойынша кінәлі деп таныды. Ол енді 18 жылын қатаң тәртіптегі түрмеде өтеуі тиіс. Дүние-мүлкі де тәркіленеді.
Тура осындай баппен кінәлі деп танылған Мәсімовтің орынбасары Әнуар Садықұлов 16 жыл арқалады. Билікті күшпен басып алу және қызметін асыра пайдалану бабы бойынша айыпталған Дәулет Ерғожин 15 жылға сотталса, қызметін асыра пайдаланды деген бір ғана баппен кінәлі деп танылған үшінші орынбасары Марат Осипов үш жылға кесілді. Барлығы генерал шенінен айырылды және бұдан былай мемлекеттік қызметте істеуге құқы жоқ.
Сондай-ақ, 10 миллард теңге мен 24 миллион доллары тәркіленген. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылары Қаңтар оқиғасы кезінде «қызметкерлеріне ешқандай әрекет етпеңдер» деп бұйрық берген. Соның салдарынан бүкіл қару-жарақ бүлікшілердің қолына түсті деп санайды тергеушілер. Осы қанды оқиға кезінде билікке ұмтылған Мәсімов пен оның орынбасарлары іле-шала ұсталған болатын. Ал ісі сотта былтыр қарашадан бері қаралды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!