Сарыбұлақ пен Ақтоған ауылдары мектепке жарымай отыр
Не асханасы, не спортзалы жоқ мектепте қалай оқиды? Алматыдан жүз-ақ шақырым жердегі Сарыбұлақ пен Ақтоған ауылдары жаңа мектепке жарымай отыр. Ата-аналар салынғанына ғасырға жуық ескі ғимаратта балалардың дұрыс білім алуына мүмкіндік жоқ деп налиды.
Автор: Асқарбек Қазанғап
24.04.2023
Жағдайы жеткендер жақын жердегі округ орталығына тасиды. Ал қалғаны қайтпек? Шенеуніктердің жылдағы жаттанды уәдесінен қажыдық дейді жұрт.
Жасы жетпістен асқан Шолпан әже осы мектептің түлегі. «Елу жылда ел жаңа» деген мақалдың екі мың түтіні бар елдімекенге қатысы жоқ-ау. Ғасырға жуықтаған, тозығы жеткен тапал ғимаратта алдыңғы буынның енді шөберелері оқып жатыр.
Шолпан Мұхамеджанова, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны:
- Төбесі де, едені де әбден тозған. Әзіргі заманда мынадай мектепте оқып жатыр, дамыған заман ғой. Сол уақыттан бері еш нәрсе өзгермеген, кері кетіп бара жатыр. Жөнделмеген, ешқандай жөнделмеген ғой, жөнделсе, мынадай мектепте оқи ма?
Сексеніші жылдары әу дегенде үй ретінде бой көтерген жапсарлас екі қабатты ғимарат мектепке бейімделген. Қағаз жүзінде бейімделгенмен, іс жүзіндегі көрініс басқа. Кабинеттер тар. Жаңармағаны көзге ұрып-ақ тұр. Қабырғасы қақырап, шетінен үгітіліп жатыр. Сорақысы сол, мұнда білім алатын 250 оқушыға не асхана, не спортзал, не жиналыс залы қарастырылмаған.
Тұрсынжан Мекебеков, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны:
- Бұл ғимараттардың бәрі біреуі пәтер, біреуі жатақхана ретінде салынған. Бірақ мектепке бейімделмеген. Сол себепті заман талабына сай, “Жаңа Қазақстан” деп жатырмыз, мына келе жатқан жеткіншектіріміз ертеңгі күні сапалы білім алып, денсаулығын нығайтуға спортзал керек, жиын залы да жоқ. Қыстың күні балалар киіммен отырады. Жылымайды.
Емелхан Қайыпова, Сарыбұлақ ауылының тұрғыны:
- Барлық депутат, басшылар келіп “үйіптөгеміз” деп кетеді. Онан кейін ешқандай қорытындысы жоқ. Түстен кейін түрлі үйірмеге қатысып, спортпенен айналысқысы келеді, жаттықтырушы келуі керек еді. Жабдықталмағаннан кейін олар бұл жерге жоламайды.
Сарыбұлақ ауылынан Ақтоған ауылына келдік. Мұнда мұңын шаққан тұрғындардың проблемасы көрші ауылмен бірдей. Ескі мектептің күйі кеткен. Асхана, спортзал атымен жоқ. Ол жақтағы жағдайды өз көзімізбен барып көрейік.
Арасын жеті шақырым бөлген ауылдағы ахуал Сарыбұлақтан аумайды. Зал жоқтығынан, оқушылар далада шаңдатып жүр. Бастауыш пен жоғары сыныптың ғимараты екі бөлек. Информатика пәнін оқу үшін бір мектептен екінші мектепке оқушылардың екі шақырым жүруіне тура келеді.
Саламат Шынжырбаев, Ақтоған ауылының тұрғыны:
- Бұлар сабаққа кіргенше, сабақтың жартысы өтіп кетеді. Қайтадан келесі сабақта келеді. Арасында үзіліс көп. Балаларымыздың жағдайы қиын. Мұалімдерге кең көлемде жағдай жасалмаған. Жиырма жылдан бері осы әңгімені қозғайқозғай шаршадық. Жылда мектеп саламыз дейді, салмайды. Өтірік алдап, құрғақ уәдемен келе жатыр.
Қос ауыл Қаражота окруігіне қарайды. Мемлекеттік бағдарламамен ол жаққа жайлы мектеп салынбақ. Тұрғындар онсыз да білім ордасы бар ауылға тағы бірін салғанша, бізді неге жарылқамайды деп, түсінбей дал. Мәселенің мән-жайын білмекке аудан орталығына бардық. Атқамінерлер «бұйырса болады, бірақ қай күні екенін айта алмаймынның» керін келтірді.
Жарқын Нұрғалымов, Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Биыл облыстық білім басқармасына жобасмета құжаттарын әзірлеуге 180 орындық мектепке сұраныс берілді. Жақын арада қаражат бөлінетін болса, құжаттарын әзірлейміз. Егер биыл осы мәселе шешілетін болса, келесі жылы жоба-смета құжаттары нәтижесінде мектеп құрылысы басталады.
Бұл жауап тұрғындардың көңілін көншітпейді. Мұндай уәденің талайына тойған. Алматы іргесінде өркениеттен алыс қалған ауылға биліктегілердің назар аударуын қалайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!