Бейнеу ауданын экологиялық аймаққа кіргізу туралы Үкіметке хат жолданды
Маңғыстау облысында құмды дауыл басталды. Әсіресе Бейнеу ауданында көшеде көзді ашып жүру мүмкін емес. Сондықтан мектеп оқушылары қашықтан оқуға мәжбүр.
Автор: Айман Нұрмағанбет
25.04.2023
- Бүгін 2023 жылдың 25 сәуірі, Бейнеу ауданының орталығы Бейнеу ауылының маңында тұрмыз. Жалпы бізде жел соқса, осындай ауа райы қайталанады. Күнде осындай жағдайға тап болып отырмыз. Бұл өрістегі малға да, жолаушыларға қауіпті жағдай тудырып тұр.
Бүгін күндіз басталған дауыл әлі басылар емес. Тоғыз жолдың торабында тұрған аудан тұрғындары ешқайда қатынай алмай отыр. Өйткені жолда қарыс қадам көрінбейді. Табиғаттың тосын мінезі тұрғыдарды әбден титықтатқан. Өйткені бұл құбылыс жылда қайталанады дейді жергілікті жұрт. Сондықтан былтыр мәслихат депутаттары кенеттен басталып, үш-төрт күнге созылатын шаңды дауылға байланысты Бейнеу ауданын экологиялық аймаққа кіргізуде сұрап, Үкіметке хат жолдаған екен. Әзірге еш жауап жоқ. Ал, қазір Бейнеудегі барлық бала мектепке бара алмай отыр.
Жандос Салиев, Бейнеу ауданы ішкі саясат, мәдениет, тіл дамыту және спорт бөлімінің басшысы:
- Ауа райының қолайсыздығына байланысты ауданға қарасты барлық білім беру мекемелері қашықтан оқытуға көшірілді, балаларымыздың жүріптұру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында. Аудан тұрғындары шұғыл түрде шаруаларыңыз болмаса, аудан аумағынан тыс жерлерге, алыс жерлерге шықпауға шақырамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!