{metadescription}
Көшеге шығудан қалған семейліктер бұралқы иттердің көзін жоюды талап етті
Көшеге шығудан қалған семейліктер бұралқы иттердің көзін жоюды талап етті

Көшеге шығудан қалған семейліктер бұралқы иттердің көзін жоюды талап етті

Семейде бұралқы иттер талаған сегіз жасар қыздың беті бері қарады. Дәрігерлер оның жарақатын бірнеше жерден тігіпті. Қазір бала құтырмаға қарсы екпе алып жатыр. Осы жағдайдан кейін тұрғындар көшеге шығудан қорқып қалды.

Өйткені шаһарда бұралқы иттер көбейген. Жұрт мақұлықтардың көзін құртуды сұрағанымен, ветеринарлар әдеттегідей қаңғыған иттерді тек тұрғындардан арыз-шағым түскенде ғана аулаймыз деп қол қусырып отыр.

Семейде аш иттер адамға шауып жатыр. Сенбі күні көшеде анасымен кетіп бара жатқан сегіз жасар қызға бұралқы иттер тап берген. Азулы мақұлықтар кішкентай Сафинаның қолы мен бетінен қапқан. Дәрігерлер баланың жарақатын бірнеше жерден тіккен. Қазір қаршадай қыздың жағдайы жақсы болғанымен, қатты қорқып қалған дейді анасы. Науқасқа құтырмаға қарсы екпе салынып жатыр. 

Регина Сарқұлова, Семей қаласының тұрғыны:

- Әрең дегенде ажыратып алдым. Қасында мен болмасам, жағдай тіпті ауыр болатын еді. Қызымды үстіндегі қысқы кұртесі қорғап қалды. Әйтпесе жұлмалап тастайтын еді. Биыл көшеде қаңғыған иттер көбейіп кетті.

Оқиға шаһар тұрғындарын үрейлендіріп тастады. Өйткені үйірімен жүретін бұралқылардың кесірінен жұрт көшеде емін-еркін жүруден қалған. Халық көше кезген төрт аяқты мақұлықтардың көзін құртуды талап етіп отыр. 

Ильгиза Ножина, Семей қаласының тұрғыны:

- Балалар далада ойнап жүреді. Қашанға дейін оларды күзетіп жүреміз? Дереу шешім қабылдайтын кез келді. Көзін құрту керек. Әне, топталып қаптап жүр. Аш иттер ертең бәрімізді талап, жазым етеді.

Ал ветеринарлар қаңғыған иттерді жаппай қырып тастауға құқымыз жоқ дейді. Тек тұрғындардан арыз-шағым түскенде ғана аулайды екен. Әйтсе де ит-мысықтан зардап шекендердің қатары көбейгенін өзі де мойындап отыр. 

Еркебұлан Байғалиев, Абай облысы ветеринария басқармасының "Семей Вет" мекемесінің директоры:

- Бүгінде 57 адам зардап шеккен. Ал 244 тұрғын жеңіл жарақат алған. Біз заң аясында жұмыс істеп жатырмыз. Келіп түскен өтініштер бойынша, сол орынға барып иттерді аулаймыз. Бізде уақытша ұстау орыны бар. Сонда апарып, тиісті ветеринария шараларын жүргізіп жатырмыз.

Мамандар жыл басынан бері мыңнан астам қаңғыбас итті аулаған. Иесі жоқ мақұлықтарды арнайы орынға орналастырып бағып-қағуға мәжбүр. Өйткені “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заң қаңғыбас иттерді атуға қолбайлау болып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде