Талдықорған білім бөлімінің басшысына 280 миллион пара алды деген айып тағылды
Жемқорлықты жасырғаны үшін ақша алған. Талдықорғанда 2 миллиардлрд теңге бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша тағы бір адам ұсталды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Жандос Жолдыхановқа қарамағындағы қызметкерлерден 280 миллион теңге пара алды деген айып тағылды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
27.04.2023
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәліметінше, қаланың бас ұстазы бюджет қаражатын ұрлау фактілерін жасырғаны үшін ақша алған. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды.
Бір апта бұрын осы білім бөлімінің есепшісі қашып бара жатқанда қолға түскен еді. Оның үйін тінту барысында бір миллиард теңгеге жуық қаражат, 14 пәтер мен 7 коммерциялық нысанның құжаты табылған. Бас бухгалтермен бірге оның орынбасары және бірнеше қызметкері де күдікке ілінген болатын. Оларға бірнеше жылдан бері қазына қаржысын жымқырды деген айып тағылып отыр.
Мақсат Жебегенов, Жетісу облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы:
- Білім беру бөлімінің бухгалтериясында істейтін қызметкерлер пара берушілер болып табылады. Аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру бойынша ол кісілер де тергелуде. Олар да қазіргі таңда сот шешімімен қамауға алынды. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!