Ақтауда «Шаңырақ» тұрғындары суға жарымай отыр
Ақтауда ауыз су тапшылығы тағы сезіле бастады. Мәселен «Шаңырақ» тұрғын үй кешенінде он шақты күннен бері су жоқ. 200-ге жуық пәтері бар көпқабатты үй тұрғындары ыстық суды мүлде ұмытқан. Тіршілік нәрінен тарыққандар сырттан су тасумен күніміз өтеді дейді.
Автор: Айман Нұрмағанбет
27.04.2023
Ал қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеме сан сылтау айтудан жалығар емес. Олар теңіз суын тұщытатын комбинатта жөндеу жұмысы жүріп жатыр деп ақталды.
Ақтаудағы «Шаңырақ» көпқабатты үйінің тұрғындары тіршілік нәріне жарымай отыр. Ауыз су тұрмақ дәретханаға ағызатын судың өз мұң болды дейді. Таңертең және кешкі уақытта берілетін судың қысымы жоғарғы қабаттарға жетпейді екен. Сондықтан тұрғындар тіршілік нәрін тасып ішуге мәжбүр.
Қалмұрат Айтқұлов, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Сегізтоғыз күн су жоқ. Үнемі осындай проблема. Бірекі жыл болып қалды ау деймін. Былтырдан бастап осындай проблема. Соның ішінде 28 наурыздан бері су көрмедік. Жылу да, су да жоқ.
Тұрғындар ыстық судың жоғына әбден көндіккен. Алайда жуынып, ас-ауқат дайындайтын ауыз судың болмауы шаршатты дейді.
Гүлзира Айдабасова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Бес литрлік сумен тасимыз, сөздің шыны керек. Жиналыс болмады емес, болды. ЖЭКтің бастығына бардық. КЖСА-ның орынбасарлары келді. Әкімдіктен адамдар келді. “К7 груптан” Ислам келді. Өзіміздің ЖЭК адамы келді. Оларды алты қабатқа дейін көтеріп, судың жоғын шыны керек көрсеттік.
Жауаптылар, су тапшылығы қаланы жылумен, жарықпен және ауыз сумен қамтитын «МАЭК» мекемесінің толық қуатта жұмыс жасамауында дейді. Себебі: комбинаттағы жабдықтардың 80 пайызы тозған.
Мұрат Иғалиев, «МАЭК» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Жергілікті атқарушы органнан 2,6 млрд теңге ақша бөлінді. Ол ақша су тұшыту зауытына құбыр алуға, жөндеуге, сосын тағы да насостар алдағы уақытқа керек, жұмыстарға бөлініп жатыр. Модернизация бойынша біздің өз жоспарымыз бар.
«МАЭК» мекемесі облыс әкімдігімен бірлесіп 24 мың текше метр су тұшытатын израилдік қондырғы орнатпақшы. Қазір аталған жобаға сараптама жүргізіліп жатыр екен.
Екінші орталық сумен жабдықтау торабына қосымша 5 мың текше метр таза су өндіретін қондырғы қоймақшы. Бұдан бөлек «Құйылыс-Меловой» кен орнынан құбырмен ауыз су тартпақшы. Бірақ аталған жұмыстар бүгін-ертең біте қоймайды. Сондықтан шөліркеген «Шаңырақ» кешенінің тұрғындары жақын күндері қолын жылы суға малады дегенге сену қиын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!