Шетел асқан Серік Күдебаев Қазақстанға жеткізілді
Шетел асқан Күдебаев Қазақстанға жеткізілді. Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығының ұсталып, елге оралғаны туралы ақпарат осыған дейін әлеуметтік желіде тараған еді. Қазақстан халқы ассамблеясы жиынынан шыққан бас прокурор Берік Асылов оны ресми растады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
27.04.2023
Тек нақты қай қалада ұсталғанын айтпай, жауабын тым қысқа қайырды.
- Ол жағын толық айта алмаймын.
- Қай елде екенін айтыңызшы.
- Алып келгенін білемін.
- Қай елден алып келді?
- Түркиядан алып келген.
Бұған дейін сот процестеріне үйінен барып қатысып жүрген генерал елге жеткізіле салысымен уақытша тергеу изоляторына тоғытылды.
3 сәуірде Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды. Оның 23 наурызда мемлекеттік шекараны кесіп өткені белгілі болды. Бішкектегі «Манас» әуежайынан Стамбұлға ұшқан. Күдебаев «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» бабы бойынша айыпталған болатын. Тергеу мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде ол Алматы облысының коменданты бола тұра, полиция департаменті ғимаратын тастап кеткен. Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Денсаулығы нашар екенін желеу етіп, сотқа қатыспағандықтан отырыс төрт рет кейінге шегерілді. Іс бойынша үкім 3 сәуір күні шығуы тиіс болған. Алайда елден із суытуына байланысты сот процесі уақытша тоқтатылды. Заңгерлердің айтуынша, оның заңсыз шекара кесіп қашып кетуі негізгі айып бойынша қарастырылған жазаға қосымша бірнеше жыл қосылуы мүмкін.
Сергей Уткин, заңгер:
- Мәселен, АҚШ-та мұндай жағдай үшін едәуір жыл қосады. Оларда қалыпты жағдай. Бізге ондай тәжірибе тән емес. Сондықтан оған тағылған айыптар бойынша ең ұзақ мерзім 9 жыл болса, солай қалады деп есептеймін. Қосымша жыл қосылады деп айту қиын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!