Cерік Күдебаев 10 жылға сотталды
Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына қатысты үкім шықты. Қаңтар оқиғасы кезінде "қызметін асыра пайдалану» және "азаптау" баптары бойынша айып тағылған Серік Күдебаев енді он жылын темір торда өткізеді. Сотталушы соңғы сөзінде өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. Ал, оның шекараны заңсыз кесіп, із суытқаны бөлек іс ретінде қаралатын болды. Айта кетейік, шетел асқан Күдебаев Түркияда ұсталып, күні кеше ғана Қазақстанға жеткізілген болатын.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.04.2023
Түркиядан Қазақстанға күні кеше ғана жеткізілген Серік Күдебаевқа қатысты атышулы істің ақыры нүктесі қойылды. Судья қаңтар айында басталған сотқа бірнеше рет қатыспай, із суытқан Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына он жыл жаза кесті. Осыған дейін прокурор полиция генерал майорын тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Әбдилла Үмбетай, Талдықорған қалалық сотының төрағасы:
- Сот Күдебаевты ҚР ҚК 362-бабы, 4-бөлімі және 146 баптың 2-бөлігі 1-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, он жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтесін.
Оған қаңтар оқиғасы кезінде «қызметін асыра пайдалану» және «азаптау» баптары бойынша айып тағылған болатын. Яғни, Алматы облысының комендаты бола тұра ол қарамағындағы қызметкерлерімен бірге департамент ғимаратын тастап кеткен. Соны салдарынан статегиялық нысан қирап, ондағы қару-жарақ тоналған. Бірақ соңғы сөзінде ол кінәсін мойындаған жоқ.
Серік Күдебаев, сотталушы:
- Мен кінәлі емеспін, өз халқыма оқ атпадым, азаптау болған жоқ. Жәбірленушілер жоққа шығарды. Бар айтарым осы.
Бас прокуратура Күдебаев Түркияда тұруға рұқсат беретін ыхтияр хат алу үшін құжат тапсыруға барғанда қолға түскенін жеткізді. Халықаралық іздеуде жүрген адамды ұстауға интерпол күштері мен арнайы органдардың шетелдік серіктестері көмектескен екен.
Серік Күдебаев құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерде 10 жыл жұмыс істеу құқығынан айырылды. Судья оны генерал майор шені мен «Даңқ» және екінші дәрежелі «Айбын» ордендерінен айыру үшін президент атына ұсыныс жолдады. Ал, шекарадан заңсыз кесіп өткені үшін Серік Күдебаевқа бөлек іс қозғалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!