Қаржы пирамидасын құрған Қытай азаматы елден қашып кетті
«Чиа тай тианшинг» қаржы пирамидасын құрған Қытай азаматы елден қашып кетті. Күмәнді ұйымнан келген шығын көлемі 7 млрд теңгеден асып жығылады. Қаржы мониторинг агенттігі сан соғып қалған 200 салымшыдан арыз түскенін жеткізді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.04.2023
Кәсіпорын тағамдық қоспалар мен басқа да дәрі-дәрмектерін өндіруге инвесторлардан қаражат тартқан. Өзінен кейін адамдарды алып келген салымшыларға ақшаларың еселенеді деп сендірген. "Чиа тай” мобильді қосымшасын жүктеп, оған бар тапқан табысын құйған азаматтар он күн бұрын алдандық деп арнамызға шағымданды. Тез байығысы келген азаматтар ақыр аяғында бармақ тістеп қалды. Компанияның заңсыз қызметін насихаттаумен 2022 жылдан бері Қазақстанның үш азаматшасы айналысқан. Олар салымшыларды құйған инвестициясынан 10 пайыз пайда көреді деп сендірген. Клиенттердің ақша төлегені туралы ешбір құжат не қағаз жүзінде келісім жоқ. Қытайдағы белгілі Чиа Тай Тяншиң компаниясының аты мен логотипін пайдаланып жұмыс істеген екі әйел қазір қамауда.
Нұрсұлтан Қалдырбай , ҚР ҚМА тергеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Салымшыларға қаражаттың қабылданғанын растайтын құжат берілмейді, келісімшарт жасалмайды. Компанияның жұмысы жасырылған, Қытайдың белгілі "Chia Tai Tianqing" компаниясының логотипі қолданылған, ал олардың қытайлық компанияның қызметіне ешқандай қатысы жоқ. Қаржы пирамидасын ұйымдастыруға күдікті үш жетекшінің екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!