{metadescription}
Шымкент тұрғындары электр қуатын өндіретін газ-бу қондырғысының құрылысына қарсы
Шымкент тұрғындары электр қуатын өндіретін газ-бу қондырғысының құрылысына қарсы

Шымкент тұрғындары электр қуатын өндіретін газ-бу қондырғысының құрылысына қарсы

Шымкент іргесіндегі электр қуатын өндіретін газ-бу қондырғысының құрылысы басталмай жатып тұрғындардың қарсылығына ұшырады. Себебі бұл станция жұмыс істесе экологиялық апатқа ұшыраймыз дейді Маятас ауылының халқы. Алайда шенеуніктер жобалық құны 600 миллиард теңгеге бағаланған алып құрылыстың қоршаған ортаға зияны жоқ екеніне сенімді. Тіпті қосымша жұмыс орындары ашылып, ауыл халқына пайдалы болады дейді.

Төлеби ауданындағы бидай мен жоңышқа егілген 100 гектар жер былтыр Шымкент қаласының аумағына өткен. Бұл жерге электр энергиясын өндіретін газ бу қондырғысы орнатылатынын тұрғындар бірер күн біліпті. Жалпы елге жария қылмай, қоғамдық талқыны жасырын өткізді деген жұрт, алып қондырғы үлкен экологиялық апатқа әкеледі деп алаңдауда.

Түймебай Базаров, инженер-технолог:

- Парогенератор деген парды шығару үшін ішіне не деген химикаттар қосылады. Сонда ғана пар болады. Ол пардың 70 пайызы ауаға тарайды, 70 пайызы ауаға тараған пар қайтадан төбемізде бұлт болып тұрады. Ол қайтадан жерге түседі. Жерге түскен кезде бүкіл өсімдік, диханшылықтың бәрін күйдіріп тастайды. Түскен жерін асфальт, цемент не болса да ойып тастайды. До того сондай химикат қой ол улы. Ертеңгі күні тегін энергия аламыз деп уланып қалмайық.

Бу генераторына қажетті су Маятас ауылындағы Бадам су қоймасынан алынбақшы. Жобаны жасағандар қойманың табанын тереңдетіп суға толтырамыз дегенді ашық айтқан екен. Бірақ, пайдаланылған ол судың қайда кетерін өздері де білмейді деп отыр жиналғандар.

Нұрхан Иманбеков, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Біздің су қоймада 65 миллион куб су бар, оған сейсмикалық қауіпті аймақ боп саналамыз таулы аймақ болған соң. Ал олар бізге түсіндіру жұмыстарын жүргізбеді, әлі толық зерттелмеген. Егер жер сілкінісі болса плотина ашылып кетуі мүмкін, болмаса бағанағы ПГУ-да авария болатын болса ол қалай әсер етеді? Ол су ашылып кетсе Төле би ауданы мен Шымкент қаласын шайып кетеді су.

Төлеби мен Шымкент жұрты жиналған соң облыс пен қаладан келген шенеуніктер қондырғының зияны жоқ дейді. Бірақ, халыққа ешқандай құжат пен сараптама қорытындысын көрсете алмады. Сондықтан тұрғындар құрылысқа қарсы шығып отыр.

Әлия Иманбекова, Төлеби ауданының тұрғыны:

- Бұл жерде ешқандай денсаулық қалмайды ешкімде. Бар денсаулығымыздан айрылайын деп отырмыз. Қарсымыз, ұрпағымыз үшін. Енді мейлі біз жасадық асадық, бала-шаға, немерелеріміз үшін алаңдаймыз. Осы ауаның өзінде біз қазір аурумыз. Ол келгеннен кейін мүлдем бәріміз мүгедек боламыз ба деп қорқам.

Десе де энергия өндіретін қондырғы салынса қосымша жұмыс орындары ашылады дейді. Құны 600 миллиард теңгеге бағаланған жоба экологияға еш қауіп төндірмейді дейді атқамінерлер.

Нияз Мұсатаев, «ПГУ Түркістан» ЖШС басшысының орынбасары:

– Ол алғашқы запуск болған кезде 2 миллион куб су алынады. Сосын сол системаның ішінде сол су айналып тұрады. Буланған суды қосымша подпитка деген болады, сомен алып отырады.

– Ол системаның ішінде болады су. Ол буланады. 

– Сол буынан, басқасынан экологияға зиян келмей ме?

– Зияны келмейді. Бұл газбен жұмыс жасайды. Зияны жоқ.

– Бірақ экспертиза жоқ қой?

– Ол болады, жобаны нормативке сай жасадық.

Жиналғандардың сұрағы көбейіп, бәріне жауап бере алмаған шенеуніктер келесі аптаның ортасында тағы бір кездесуге уағдаласты.

Тұмса табиғаттың үстіне газ бу қондырғысын орнату шешімі тым шикі деген тұрғындар зерттелмеген мәселенің соңы экологиялық апатқа әкелетініне сенімді. Сондықтан жобаны жан-жақты өздері де зерттемек. Егер қоршаған орта мен адамға титтей де зияны болса құрылысты жүргізбейміз деп жаппай қол жинауға бекінді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

20 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде