Ақтөбе облысындағы газ зауытында өрт болды
Ақтөбе облысында газ өңдеу зауытында болған өрттен төрт жұмысшы жарақат алды. Денесін жалын шарпыған науқастар Темір ауданының ауруханасында емделіп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.05.2023
Марат Жанқұлов, Ақтөбе облысы жедел жәрдем станциясының бас дәрігері:
- Төрт адам күйген. Күйіктің сатысы 2-3 дәрежесінде орташа жағдайда. Қолы, беті, денесінде жарақат бар.
Оқиға «СНПС-АқтөбеМұнайгаз»компаниясына тиесілі Жаңажол кен орнында болды. Қызыл жалын газ қондырғысынан тұтанған. Зауытқа шұғыл жеткен өрт сөндірушілер ең алдымен әуеден бақылау жүргізген. Себебі, қатты жалыннан цистерналардағы газ жарылады деген қауіп болған. Одан соң газ қондырғысы жалғанған құбырды ажыратып, өртті сөндіруге көшкен. Тілсіз жау 15 сағаттан кейін ауыздықталды. Апаттан төрт жұмысшы жарақаттанды. Оңбай күйіп қалған науқастар облыс орталығына жеткізілмекші. Бір науқасты тікұшақпен, қалған үшеуін көлікпен тасымалдауға болады дейді дәрігерлер. Алапат өрттің неден тұтанғаны белгісіз.
Азамат Жұмабаев, Ақтөбе облысы ТЖД бас маманы:
- Жеңіл көмірсутегін алу қондырғысында өрт болған. Комиссия жұмыс істеп жатыр. Өрттің шығу себептері мен барлығы комиссия қорытыңдысынан кейін белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!