Астана төрінен жайлы баспана сатып алғандар үй сапасына шағымданып жатыр
«Қызыл-жасыл жарнамаға алданып опық жеп отырмыз». «Тапқан-таянғанымызға үй аламыз деп, ақшамызды босқа құрттық» деген астаналық бір топ тұрғын жаппай шағымданып жатыр. Елорданың төрінен «комфорт плюс» санатындағы пәтер сатып алған астаналықтардың үйдің сапасына көңілі толмайды.
Автор: Әзиза Төленби
03.05.2023
Өйткені құрылыс компаниясы әдемі суреттерді көрсетіп, жеме-жемге келгенде, ұсқынсыз пәтердің кілтін ұстатқан. Одан қалды, бұл тұрғын үй кешенін белгілі блогер, қазіргі депутат жарнамалаған екен.
Жаңа вокзалға барар жолда салынған әдемі үйлерден көз сүрінеді. Солардың бірі – «Байтұрсын» кешені. Сыртқы келбетіне сөз жоқ. Ал біз барғаннан тұрғындар шағымын айтып тауыса алмады. Бір жыл күтіп алған пәтеріне ешкімнің көңілі толмайды. Қалай жамасақ та, жыртығы бітер емес деп ашулы.
- Бұл үй бізге «комфорт плюс» деп сатылған. Қазір бәрін көрсетеміз. Міне, 12-13 см шығып тұр, бұл ең көп дегенде төрт-бес см болу керек. Бұған эконом жасаған ба, жай ғана көбік құйып кете салған. Міне, бұрандамасы ұсталып тұр.
Нұрсұлтанның өзі құрылысшы, құрылыстың мән-жайын біледі. Сондықтан пәтер ішінде қисық, жұқа қабырға, тіпті түсіп қалғаны оның көзіне бірден түседі. Компания жарнамалаған буклеттегі үй мен тұрғындарға берген үйдің айырмашылығы жер мен көктей.
Салымшылардың шағымы шаш-етектен. «Экономға» жоламай, бизнес санатқа жақын пәтер алғысы келгеннің бәрі таңдаудан қателескенін кейін біліп жатыр. Көпқабатты үйдегі лифтінің жыры бір бөлек. Ішінде адам қалып қояды, ашылмай қалады, үйге жиһазды баспалдақпен көтеруге мәжбүр. Өйткені тым кішкентай, стандартқа сай келмейді. Ал баспалдақтың өзі үрей тудырады.
Нұрсұлтан Дауылов, Астана тұрғыны:
- Қабырғаны көріп тұрсыз, «комфорт плюс» санатының қабырғасына ұқсай ма? Біз Мемлекеттік сәулетқұрылыс бақылау басқармасына шағым айттық, Матулла мырзаға. Ол кісі: «сен подьезде жасайсың ба, саған подьезд не үшін керек, лифт істемесе, жаяу көтерілу үшін керек» деді.
Тұрғындар үйдің құрылысына риза емеспіз деп қаншама рет айтып, көрсетсе де, ештеңе өзгерген жоқ деп өкпелі. Алайда бізбен тілдескен компания өкілі бәрінің құжатқа сай, уәде етілгендей жасалғанына сенімді. «Арыз да аз» - дейді.
Сағынай Жиенбеков, «GBG» компаниясының жоба менеджері:
- Уәде берілген қабырғаны, төбені түзедік. Мемлекеттік сараптамада көрсетілген барлық пункт орындалды. Қазір тұрғындарға подьезд ішін дұрыстауға кірістік деп чат арқылы хабар бердік. Өйткені осыған дейін пәтер ішіндегі құрылыстың біткенін күттік. Тамызға дейін жұмыс жүреді. Үй өз санатына сәйкес.
Бізге шағымын айтып тауыса алмаған жұрттың бәрі «жарнамаға сендік» деп қапалы. Мұндағының көбі блогер Дәулеттеннің оқырманы екен. Ол қазіргі Мәжіліс депутаты – Дәулет Мұқаев.
Наурыза, Астана тұрғыны:
- Ол кісі «GBG» компаниясының тұрғын үй кешендеріне жарнама жасап еді. Солардың ішінде осы «Байтұрсын» тұрғын үй кешені «комфорт плюс» санатында салынып жатқан болатын. Осыны жақсы жарнама жасады, сол кісінің жарнамасымен біз осы компанияға келіп, буклетін, бәрін көрдік. Соған сеніп, ипотекамен рәсімдедік.
Тұрғындар депутатқа да шағымданған екен. Бірақ оқырманы көп блогер тіл қатпапты. Бізге үйдің сапасы көңілінен шығатын айтты.
Дәулет Мұқаев, Мәжіліс депутаты:
- Астанада болмаса ,Алматыда үйлерді сол санатпен салыстыратын болсаңыздар, «Байтұрсынның» деңгейі одан әлдеқайда жоғары. Кейбір оқырмандарым, менің сыныптастарым да тұрып жатыр, мен айтқаннан кейін. Ол жерде менің туысқандарым да бар. Шағым түспей тұрып та сонда бардым. Мен оны елге айтып жүргеннен кейін, өзімнің оқырмандарым ала бастады. Менің командамдағы жігіттерім де алды, ешқайсысы шағым айтпады.
«Бәріне жаға бермейсің» дейді Дәулеттен. Сұрағына бола жақпай жүрген жұрт қолына көп түсе бермейтін компания өкілдеріне біз кеткенде әлі шағым айтып тұрды. Себебі: бәрі төлеген ақшасына сай қызмет көрсетілуін қалайды.
Ал бүгін депутаттар әр нәрсені жарнамалап, жауапкершілік алмайтын блогерлерге шектеу қояйық деп ұсынды. Әйтпесе «біз де алдандық» деп бәрі жалтарып кетеді. Олардың артында қаншама оқырманы бар. Үй алудың ең тиімді жолын көрсететін блогер Астанада соғылып жатқан тағы бір кешенді жарнамалауда. Оны да «Байтұрсынды» салған компания тұрғызып жатыр. Салымшылардың тағы қызыл-жасыл жарнамаға сеніп қалмасына кім кепіл?
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!