Мәжілісте ақшаға құныққан осы блогерлер мәселесі көтерілді
Ақшаға құныққан осы блогерлер мәселесі Мәжілістің жалпы отырысында көтерілді. Бұл туралы депутат Анас Баққожаев депутаттық сауал жолдап, оларды заңмен шектеу керектігін жеткізді.
Автор: Мерей Қалиасқар
03.05.2023
Оның сөзінше, отандық заңнамада блогер мәртебесі нақты айқындалмаған. Халық қалаулысы өзін блогермін деп жүргендердің басым көпшілігі ақпараттың рас-өтірігін тексермей, оңай әрі тез жолмен баюды мақсат етеді деді. Әлеуметтік желіде кез- келген адамға жала жауып, атақ қуып, елдің берекесін бұзатын да осы сауатсыз адамдар деп кесіп айтты. Талай жылдан бері ұмыт болған қаржылық пирамиданың жандануына да солар себеп болды деп санайды. Депутат Қазақстан қысқа уақыт ішінде сөзі мен ісіне жауап бере алмайтын блогерлердің отанына айналып бара жатқанын алға тартады. Әсіресе, өмірге деген көзқарасы енді қалыптасып келе жатқан жастар хайп ұйымдастырумен әлек жандарға еліктеп, жатып ішерлікке әуестеніп барады деп алаңдаушылығын білдірді. Бұл қоғам үшін де, мемлекет үшін де қауіпті құбылыс дейді Анас Баққожаев.
Анас Баққожаев, Мәжіліс депутаты:
- Тез арада «БАҚ туралы» заңды пысықтап, Мәжілістің ашық талқылауына енгізу қажет. Ақпарат саласындағы жауапкершілікті тек журналистер емес, блогерлер де сезінетін уақыт жетті. Бұл мәселені аталған заң жобасының аясында дереу қарастыруымыз қажет. Себебі жауапкершілікті түсіне алмайтын блогерлердің саны уақыт өткен сайын артуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!