Қарағандыда апат жасаған автобус жүргізушісіне қатысты сот басталды
Қарағандыда көпірдің үстінде жол апатын жасаған автобус жүргізушісіне қатысты сот басталды. Бірақ алғашқы отырысқа сотталушының өзі келмеді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
03.05.2023
Самат Кәкенбаев, мемлекеттік айыптаушы:
- Күдікті қозғалыс қауіпсіздігін елемей, жылдамдықты шамадан асырып, жолдың жағдайын ескермей, көлік тізгініне ие болмай Сейфуллин даңғылында жолдың қарсы бағытына шығып кетті. Салдарынан жолаушылар автобусымен бетпе бет соқтығысты.
Осы апаттан екі адам көз жұмып, 16 жолаушы жарақат алған. Көбінің әлі қол аяғы таңыулы жүр. Күдіктінің өзі де зардап шегіп, аяғын сындырған екен. Сондықтан 34 жастағы Айдын Оразов сот процесіне үйінен онлайн режимде қатысты. Жәбірленішілер тергеу кезінде үйқамақта отырған күдіктінің енді сотқа да келмегеніне наразылық білдірді. Сондықтан арбамен болса да жетіп, төбе көрсетсін дейді. Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 25 ші қарашасында күдікті тізгіндеген автобус көріпдің үстінде алдындағы автобусты басып озбақ болған. Салдарынан жолдың қарсы бағытындағы қоғамдық көлікке бетпе бет соқтығысады. Апатта 19 жастағы студент қыз бен екінші автобустың 60 жастағы жүргізушісі тіл тарпай кетті.
Оксана Волкова марқұмның қызы:
- Автобустың ішінен әкемнің денесін әрең алып шықтық. Денесінен қалған бөліктерді қырып алдық десек те болады. Ал күдікті бұл қылмысты қасақана жасады деп санаймын. Жай жол болса жалтарар еді, ал көпірдің үстінде соқтығысудан қаша алмайсың. Соны біле тұра жасап отыр. Менің әкеме немесе марқұм қызға еш мүмкіндік жоқ болды. Енді жайбарақат үйінде отыр, біздің туғандарымыз жерде жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!