LRT ісі бойынша соттың шешімі шықты
LRT ісі бойынша соттың шешімі шықты. Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қанат Сұлтанбеков пен Талғат Арданды сырттай соттады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
03.05.2023
Екеуіне де 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Және мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында өмір бойына жұмыс істеу құқығынан айырылды.
LRT ісі бойынша сот 2020 жылдың күзінде басталған. Бұл іс бойынша тоғыз адамға алты миллиардқа жуық теңгені жымқырды деген айып тағылды. Былықтың басында тұрған бұрынғы Астана әкімінің орынбасары мен «Астана ЛРТ» экс-басшысы әлі күнге ұсталмады. Шетелде жүр. Сұлтанбековтың АҚШ-та, ал Арданның Түркияда екені анықталды. Оларға халықаралық іздеу жарияланды. Ал, қалған сыбайластары 7 мен 10 жыл аралығында жаза арқалап, түрмеге қамалды. Қылмыстық топ бюджетке 5 миллиард 800 миллион теңгеден астам шығын келтірген. Сметалық құжат жасау, техникалық барлау, мемлекеттік сатып-алу сынды жұмыстан ақша жасаған. Жалған бәсекелестік орта жасап, тендерде өздеріне қарасты мердігерге ұтқызып отырған. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық үлкен жобаны құрдымға батырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!