Дүлей дауыл Түркістан облысында талай жерді талқандап кетті
Түркістан облысында дүлей дауыл талай жерді талқандап кетті. Секундына 57 метр жылдамдықпен соққан жел Кентау қаласындағы мемлекеттік мекемелер мен үйлердің шатырын ұшырған. Соның салдарынан мектеп шатыры бір мұғалімнің үстіне түсіп, миы шайқалған науқас ауруханаға жеткізілді.
Автор: Бек Әбиев
04.05.2023
Табиғаттың тосын мінезіне байланысты қаладағы білім ошақтары мен балабақшалар уақытша жұмысын тоқтатты. Қаланың көп бөлігінде электр желілері үзіліп, комуналдық мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті.
Кентауда таңғы сағат 6-да басталған желдің арты дүлей дауылға айналып, шағын шаһардың астаң-кестеңін шығарған. Жергілікті поштаның шатыры ұшып, қирандылары жан-жаққа түскен. Төбесі ойылған мекеме жұмысын тоқтатқан жоқ. Қауіпті болуы мүмкін деген жолдар жабылып, полицейлер көліктер мен жаяу жолаушыларды жүргізіп жатқан жоқ. Тұрғындардың өзі де көшеге шығуға қорқатынын айтады.
Тұрар Омаров, Кентау қаласының тұрғыны:
- Жанжағымызға қарап жүреміз. Дүкенге шығасың, базарға барып келу керек. Амал жоқ, шығасың, бірақ сақтық шараларын сақтап, көпқабатты үйлерден аулақ жүремін. Бала-шағам үйден шықпай отыр. Балаларым үйдің ауласында ойнайды. Сондықтан қорқамыз.
Былтыр салынған политехникалық колледжің де төбе жабындысын жел ұшырып, маңындағы жоғарғы кернеулі электр желісін үзген. Соның салдарынан мың жарымға жуық отбасы жарықсыз қалды. Колледжің шатыры іргедегі жер үйлердің де үстіне түскен.
Несібелі Уанасова, Кентау қаласының тұрғыны:
- Балаларым ұйықтап жатқан. Біреуіне тамақ беріп отырған кезде мына жақты біреуі құлады, біреуі шатырдың үстіне құлады. Арғы жақтан терезе сынды. Жүрегім ұшып кетті, шынымды айтсам, жаман болдым. Балашаға шошығаны соншалық, атып тұрып далаға қашты.
Ыбырай Алтынсарин атындағы бірінші мектептің шатыры екі жыл бұрын да күшті желден ұшқан. Сол кезде миллиондар жұмсалған жабынды бүгінгі дауылға тағы да шыдамады.
Күшті желде шатыры кеткіш мектептің жабыны түскі сағат 12-лер шамасында ұшып, ауланы басқан. Бұл кезде аулада болған бір мұғалім жарақат алып ауруханаға жеткізілді. Ал таңғы сағат он шамасында оқушылар үйіне жіберілген соң, олар дін аман. Қазір оқу тоқтатылды. Ал мектептің шатыры қашан бүтінделетіні белгісіз.
Мектептер мен балабақша аптаның соңына дейін онлайн оқуға жіберілді. Қазір қаланың барлық комуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі желден есеңгірегендер ертеңгі дауылдың салдарымен күресуге дайындалуда.
Серік Төлегенов, Кентау қаласы ТЖ бөлімінің бастығы:
- 40 метр секундына барады деген мәлімет кеп жатыр. Ал енді интернетте қарасаң, көрсетіп жатыр, мен өзім де көрдім, 61ге барады деп жатыр. Бүгін 57-ні көрсетті. Ертең бұдан күшті болады деп жатыр.
Қазір Кентауда желден келген шығынды анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Бірақ есептеу тек жел тоқтаған соң басталмақ. Ал әзірге ертеңгі күнге үреймен қарағандар бүгін қирағанды жинастырып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!