Алматы облысында заңсыз құрылыстан 150 отбасы зардап шегіп отыр
Халық наразылығы да, шенділер салған айыппұл да тоқтата алмады. Алматы облысында құрылысы заңсыз деп танылған нысанның кесірінен 150 отбасы зардап шегіп отыр. Көксай ауылы тұрғындарының үйіне кіріп-шығуы қиындаған.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
04.05.2023
Өйткені көлік жуатын орын дәл қалаға шығатын жалғыз жолдың үстінен тұрғызылыпты. Өткен жылы нысанның құрылысы басталғанда-ақ заңсыз екені анықталған. Алайда оның қазір толық жұмыс істеп жатқанына жұрт аң-таң. Айтуларынша, кәсіпкер мен жергілікті атқамінерлердің ым-жымы бір. Бірақ шенеуніктердің уәжі басқан.
Қарттар мен бүлдіршіндер кішкентай тесіктен сығылысып өтеді. Жастар темір қоршаудан секіріп шығады. Оның өзінде де бұл жер біреудің учаскесі, сондықтан иесінен жалынып-жалбарынып жатып рұқсатты сұрап алған. Бір көлік жуу орнының кесірінен бүтін бір Көксай ауылы 11-ші кварталдың шеккен зардабы осы.
Ғалия Албергенова, Көксай ауылының тұрғыны:
- Көлік жуу кезінде ашық болған. Жол болатын. Балаларымызды мектепке жолдың ар жағына өткізіп, бері қайтатынбыз. Мекеме келді де, жүретін жол қалмай қалды.
Әбдірахман Бейсенбеков, Көксай ауылының тұрғыны:
- Өрт болды. Өрт сөндірушілерді шақырған кезде бір сағаттан кейін келді. Жол таппайды. Қай жақтан бұрылатынын білмейді. Анау Наурыздан бұрылып келгенше, үй деген жанып кетті. Жедел жәрдем де қиын. Адам ауырса, таппайды.
Бұл мәселе былтырдан бері қаузалып келе жатыр. Нысан енді тұрғызыла бастаған кезде Іргелі ауыл округінің әкімі құрылысты заңсыз деп айтқан еді.
Бірақ, сол уақыттан бері бақандай 10 ай өтсе де, құрылыстың тоқтауының орнына нысан толықтай соғылып бітіп, қазір көлік жуу орны дамылсыз істеп тұр. Жұрт құзырлы органдардың әрекетсіздігі мен мәселеге бейжайлығына наразы.
Әлия Сағындықова, Көксай ауылының тұрғыны:
- Ауыл шаруашылыққа арналған жер телімі. Заңсыз тұрған зат. Мына жерде мүрде. Негізі санитарлық аумақ. Салуға рұқсат жоқ. Не дегенмен, бәрібір салынып тұр. Құзырлы органдар қарамайды ешқайсысы. Біз әкімдікке де, архитектураға да бардық. Бәрі қолын сермеп отыр. Яғни, бәрі бір-бірімен байланысты деп ойлаймын.
Байланысты ма, әлде қатысы жоқтың кейпін таныта ма? Белгісіз. Бірақ шенділердің кезек-кезек бір-біріне сілтегені рас. Мысалға, Қарасай ауданы құрылыс бөлімінің бас маманы аталмыш мәселеден мүлде бейхабар.
- Бұның көтеріліп келе жатқанына бірінші күн емес. Бір жылдан асып кетті. Мен осы проблеманы бірінші рет естіп отырмын. Мына кісіден көріп отырмын. Қазір енді қарайық.
Құрылыс бөлімі мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы жауап береді деп сілтеп отыр. Бірақ бас маман орнында жоқ. Есігі құлыптаулы. Жазулы тұрған ұялы телефон нөміріне де қоңырау шалып көрдік. Бірақ, бізге үн қатқан ешкім болады.
Дамылсыз қоңыраудан кейін ақыры жауап берді. Алайда тек телефон арқылы.
- Былтыр бізге хат жазылған. Сол хаттың есебінен 802 баппен сәулет бөлімі бізге хат жазғаннан кейін, біз 802-мен айыппұл салғанбыз. Не себептен? Өйткені былтыр біз тексере алмадық өйткені олар шағын кәсіп. Биыл дәл сол нысан бойынша ешқандай шағым түскен жоқ.
Қысқасы, тұрғындар хат жазса ғана, тексеріс жүргіземіз деп отыр. Ал тұрғындар хатты былтыр да, биыл да жазып, тапсырып кеткенбіз дейді. Сайып келгенде жұрт кәсіпкердің аудандағы атқамінерлермен ым-жымы бір деген тоқтамға келді. Не болса да, тұрғындардың талабы бір – заңсыз тұрғызылған нысан сүріліп, жолды ашу.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!