Теміржол билетінің бағасы қайта қаралады
Индустрия министрлігі теміржол билетінің бағасын қайта қарайды. Бас көлік прокуратурасының мәлімдемесіне ведомствоның берген жауабы осындай. Дегенмен министрлік бұл билет бағасы арзандайды дегенді білдірмейді деп кесіп айтты.
Автор: Айғаным Достанбай
10.05.2023
Бас көлік прокуратурасы осыған дейін теміржол билетінің тым қымбаттап кеткенін мәлімдеген. Әсіресе жолаушылар аяқасты басқа қалаға жол жүру керек болғанда баға екі-үш есеге шарықтап шыға келеді. Осыған орай бас көлік прокуратурасы бағаны реттеу жөнінде арнайы ұсыныс әзірлеп, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолдаған. «Түзетулер жолаушыларға пойыздарда жүру құнын едәуір төмендетуге және билеттің шекті бағасын белгілеуге мүмкіндік береді дейді құзырлы орган. Әзірге динамикалық баға белгілеу тоқтатылған.
Самал Сахатова, ҚР Бас көлік прокуратурасының ресми өкілі:
- Бас көлік прокуратурасы көлік саласындағы өкілеттік органның жолаушыларды тасымалдау жөнінде қызметтерге бағаларды айқындау әдістемесін бекіту туралы бұйрығын зерделеді. Біз осы құқықтық актіге индустрия және инфрақұрылымдық министрлігіне наразылық білдірдік. Ол толық көлемде қанағаттандырылды. Бүгінгі таңда теміржол билетін сату кезінде динамикалық баға белгілеуді қолдану тоқтатылды. Осы норманы алып тастау туралы бұйрықтың жобасы уәкілетті органдармен келісіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!