{metadescription}
Электрсамокат көлік құралына жатқызылады – жаңа ереже
Электрсамокат көлік құралына жатқызылады – жаңа ереже

Электрсамокат көлік құралына жатқызылады – жаңа ереже

Елімізде электрсамокат көлік құралына жатқызылатын болды. Жаңа ережеге сәйкес, трассаның оң жағымен және автобус жолағымен жүру үшін самокат мінген адамның жасы 18-ге толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы міндетті, шлем киіп, жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс.

Ал жаяу жүргіншілердің жолымен сағатына алты шақырым жылдамдықпен жүруі керек. Алайда көліктен самокатқа көшкен жандар бұл талаптар ақылға қонымсыз деп отыр.  

Электрсамокат тізгіндейтіндердің қозғалысы заңмен реттелетін болды. Қос дөңгелекті көлік құралын пайдаланатындарға арналған заңға мәжіліс депутаттары түзетулер енгізді. Жаңа ережеге сәйкес, жол бойына және автобус жолағына шығатын самокат мінген адамның жасы міндетті түрде 18-ге толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы міндетті. Сондай-ақ басына шлем мен түнде жарық шағылыстыратын киім киюге тиіс. Ал, жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспау керек. Жаяу жүргіншілер жолында жүретіндердің жылдамдығына да шектеу қойылады. 

Екатерина Смышляева,  Мәжіліс депутаты:

- Тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл ең қолайлы тәсіл. Тротуарлардағы жылдамдықты шектеу жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Электр самокатта жүктер мен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Жетіншіден, электр самокат жүргізушілері жол қиылысы мен жаяу жүргінші өткелдерінен жаяу өтуі керек.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов самокаттың кесірінен оқыс оқиға жиілеп кеткенін жеткізді. Сондықтан олардың бейберекет қозғалысын заңмен реттейтін уақыт жетті дейді ол.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Бізде "заңмен тыйым салынбанса – рұқсат" деген қағида бар, сондықтан жаяу жүргіншілердің, электрсамокаттардың, мопедтердің өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кейбір шектеулер қабылдануда. Нормативтік құқықтық актілер қабылданып жатыр. Өкінішке қарай, тек жаяу жүргіншілер жолағымен жүруге Қазақстанның инфрақұрылымы рұқсат бермейді. Бізде небәрі 500 шақырым велосипед жолы бар.Сондықтан жолдың оң жағымен жүруге болады деген шешім ұсынылды.

Нағашыбай Оразбайдың көліктен самокатқа көшкеніне екі жылдан асыпты. Алматы тұрғыны самокат тақымдағандардың қозғалысын шектеу бастамасына түбегейлі қарсы.

Нағашыбай Оразбай, Алматы қаласының тұрғыны:

- Сағатына 20 км бізге жетіп жатыр. Қатты емес, ақырын да емес. Самокат тоқтайды, басқа жерде. Сосын тез жетесің. Тежегіші бар, сигналы бар, адамдар көреді. Бізге негізі осы тротуар жақсы, өте ыңғайлы. Алматыда кептеліс көп. Самокатпен қалаған уақытта жетесің, бәріне үлгересің.

Сарапшылар ережені елемейтіндерді бақылап, жауапқа тартуға полицияның күші де, уақыты да жетпейді деп отыр. Себебі, қалада осы көлік құралымен арлы-берлі зуылдап жүргендер өте көп. Сондықтан самокатарды жаппай тіркеп, мемлекеттік нөмір тағуды ұсынады.

Алексей Алексеев, сарапшы:

- Самокат мініп, ережені бұзатындармен қалай күресеміз? Оларды ұстап, айыппұлді кім салады? Заңға бағынбайтындарды қалай анықтаймыз? Әрқайсысын қуалап жүруге полицияның күші жетпейді. Тәртіп сақшыларының онсыз да жұмысы жетіп артылады. Мен самокатқа мемлекеттік нөмір беруді ұсынамын. Өйткені тәртіпке бағынбайтындарды жауапқа тарту өте қиын болады. Жаңа заң әлі де шикі деп ойлаймын.

Сарапшылар электр самокаттан гөрі мопедтердің тұрғындарға төндіретін қаупі жоғары екенін алға тартады. Ең алдымен, жоғары жылдамдықпен жүйткитін мопедттерді көлік құралына жатқызу ақылға қонымды дейді. Мәжіліс депутаттары таныстырған самокат тізгіндегендерге қатысты жаңа ереже сенатқа жолданды. Ішкі істер министрі заң жобасына әлі талай өзгеріс енгізілетінін ескертеді. Жауапты ведомство басшысы мопед мінгендермен де күресті күшейтеміз деп отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

24 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде