{metadescription}
Абылай Мырзахметов аса ірі көлемде пара беруге итермелеген
Абылай Мырзахметов аса ірі көлемде пара беруге итермелеген

Абылай Мырзахметов аса ірі көлемде пара беруге итермелеген

Алаяқтық әрекетке барып аса ірі көлемде пара беруге итермелеген. Антикор «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының экс-төрағасына қатысты осындай екі баппен тергеу жүргізіп жатыр. Абылай Мырзахметов ауызбастырық алып, кәсіпкердің туысын қылмыстық жауаптан босатпақ болған.

Және бұл "қызметін" бақандай 30 миллион долларға бағалаған көрінеді. Мырзахметов қазір Астанадағы Полиция департаментінің изоляторында отыр. Қылмысы дәлелденсе, 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Антикор Абылай Мырзахметовты парамен ұстады деген ақпарат кеше белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қылмыстың жай-жапсарын бүгін жариялады. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұрынғы төрағасы бақандай 30 миллион доллар қаражатты қалтасына басты деп айыпталып отыр. Бұл шамамен 13 миллардтан аса теңге. Қарапайым есепке салсақ, мұнша қаражатқа заманауи үлгідегі жабдығымен қоса есептегенде, 1200 орындық алты орта білім беретін мектеп салуға болады.

Арман Тілеукенов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

Ол алаяқтық пен кәсіпкерді оның туысын қылмыстық жауаптан босатуға жәрдемдескені үшін аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп күдіктенеді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша жеделтергеу іс-шаралары жүргізілуде. Оның басқа да қылмыстарға қатысы туралы ақпарат тексеріліп жатыр.

Абылай Мырзахметовтың қолына бұған дейін де кісен салынған. Шамамен осыдан 20 жыл бұрын, сонау 2003 жылдары ол «Қазақстан Темір Жолының» директоры болып тұрған тұста сотталған. Сол уақытта Мырзахметовке мемлекеттік мүлікті ұрлауды ұйымдастырды деген айып тағылған. Артынша ол жазасын 5 жыл шартты түрде өтеп бостандыққа шықты. Даулы оқиғадан кейін жеке кәсіпке бет бұрған Абылай Мырзахметов кейін саясат сахнасынан мүлдем алыстап, 2013 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы лауазымына топ ете қалды.

Мырзахметов тергеу аяқталғанша уақытша ұстау изоляторына қамалған. Әзірге оның сыбайластарының есімі аталған жоқ. Экс-төраға 30 миллион долларға кімнің мәселесін шешпек болғаны туралы да антикор тарапынан нақты мәлімет айтылмады. Дегенмен ақпарат құралдары Мырзахметов ақшаны 8 жылға сотталған бизнесмен Қайрат Боранбаевтың інісі Талғат Боранбаевтан алған болуы мүмкін деп жазып жатыр. Әзірге бұл тек болжам ғана.

Абылай Мырзахметов әр жылдары вице-премьер, ауыл шаруашылығы министрі қызметтерін атқарған, Жамбыл облысының бұрынғы әкімі болған –  Асқар Мырзахметовтің туған інісі.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде