{metadescription}
Атырауда жаңа орнатылған электр бағаналары қирап жатыр
Атырауда жаңа орнатылған электр бағаналары қирап жатыр

Атырауда жаңа орнатылған электр бағаналары қирап жатыр

Атырауда мыңнан астам электр бағанасы апатты жағдайда тұр. Бірнеше жыл бұрын ғана орнатылған бетон тіреуіштер қақ жарылып, шетінен үгітіліп жатыр. Көшедегі көлік пен жаяу жүргіншілерге қауіп төндірген бағандарды ауыстыруды тұрғындар талай мәрте талап еткен екен. Алайда әкімдік жанайқаймызға құлақ аспады деп отыр.

Ал атқамінерлер сапасыз құрылысты салған компаниямен соттасып, жеңіліп қалғанын айтады. Сондықтан электр бағаналарын қайтадан жаңартуға қаржы іздеп жатыр.

Атырау қаласындағы «Самал» ықшамауданының көшелеріндегі электр бағаналары қақ айырылып қақырап жатыр. Кейбірі опырылып құлап қалған. Бетон бағаналардың қауіпті екенін айтып тұрғындар талай табалдырықты тоздырыпты. Бірақ былтырдан бері ешкім құлақ аспады дейді жиналғандар.

Жаңабай Тәжіғалиев, Атырау қаласының тұрғыны:

Мынаны біреу қағып кетсе, бағана сынса, астында адам қалып қала ма, келе жатқан техника сына ма, әлде үйлерге зақым келе ме, білмейміз. Біреуміреу тоққа түсуі мүмкін. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына да бардық, «иә, шешеміз» деп, бірақ әлі еш нәтиже жоқ.

Тоғжан Досжанова, Атырау қаласының тұрғыны:

Біздің жанымызға батып отырғаны, құласа, зардап шегетін – біз. Біреуі құласа, бәрі құлайды. Біз зардап шегеміз. Ешқандай нәтиже жоқ. Әкімдік көк түйір жұмыс істемейді.

Аудандағы электр бағаналары бірнеше жыл бұрын ғана жаңартылған. Сапасыз құрылысты жүргізген «Атырау көлік» компаниясы екен. 2020 жылы әкімдік құлауға шақ тұрған 200 бағананы мердігерге айтып ауыстырғызған.   Одан соң тағы 300-ге жуығының сапасыз екені анықталыпты. Бірақ бұл кезде құрылыс компаниясының кепілдік мерзімі аяқталып кеткен. Сондықтан атқамінерлер мердігермен соттасып, жеңіліп қалған. Енді бірнеше жыл бұрын ғана орнатылған бағаналарды қайта ауысытыруға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып жатыр.  

Абылай Ғұмаров, Атырау құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

2022 жылы 300-ден астам тағы бағанның жарылып жатқаны анықталды. Құрылыс бөлімі тарапынан сотқа берілді. Алайда соттан ұтылып қалып отырмыз. Бірақ енді қазір ТКШ тарапынан осы  жарылған тек «Самал» ықшамауданы емес, жалпы қалада 1400-ден астам жарылған баған анықталды. Бюджеттен ақша сұратылып отыр. Ақша бөлінген соң, барлық бағана ауыстырылады.

Әкімдіктегілер қаладағы бетон бағаналардың біраз бөлігі сапасыз екенін мойындап отыр. Тұрғындарға қауіп төндірген тіреуіштер биыл ауыстырылады дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде