Президент тапсырмасына құлақ аспаған әкімдер
Президенттің пәрменінен кейін ақжағалылар атынан түсіп, қаланы жаяу аралауға кірісіп кетті. Бәрі бірдей емес. Шенеуніктердің кейбірі әлі де жылы кабинетінен шыққысы жоқ. Тұрғындар оларды тек теледидардан көріп үйреніп қалған, көшеде кезігіп қалса, тіпті танымайтынын айтады.
Автор: Айғаным Достанбай
11.05.2023
Қазір қай әкім жаяу, қайсысы көлікпен жүр? КТК тілшісі мемлекет басшысының тапсырмасына құлақ аспай жүрген әкімдерді топтастырды.
Таяуда ғана мемлекет басшысы қалалардың сұрықсыз сиқын сынға алды. Бюджеттен жыл сайын қомақты қаражат алып жатқанымен, кей шаһарларда көшелері шұрық-тесік. Балалардың ойын алаңқайы әбден ескіріп тозған. Сол себепті де тұмсығының астындағы проблеманы көрмейтін әкімдерге қымбат көліктерінен түсіп, жаяу жүріңдер деп тапсырды.
«Қостанай әкімі Марат Жүндібаев қала көшесін онсыз да күнде жаяу аралайды» - дейді кеңесшісі бізге берген жауабында. Бірақ оны суретке, видеоға түсіріп жарнамаламайды екен. Әкімнің әлеуметтік желідегі парақшасына үңілсек, соңғы рет қаланы жұмыс бабымен аралап, әуежай шағын ауданындағы құрылыс алаңдарына барған.
Айгүл Бекмұхамбетова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Барлық көшемен жүруі керек қой, жаяу, тек орталықпен жүрмеуі керек, әкімдіктің маңайында. Балаларға ойнайтын жер жоқ, орын аз. Балаларға арналған аула керек. Біразы ескіріп кеткен және темір, содан қорқасын, бала басын жарып алады деп.
Максим, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Майлин көшесімен жүрсін деп айтар едім. Себебі, шұңқырлар өте көп. Көшенің аяғына дейін шұрықтесіктен көліктің дөңгелегін сақтау үшін айналып өтуге тура келеді. Екіншісі, Амангелді көшесі, ол жаққа да екі жолақ салып тасаған. Аулаға кіру мүмкін емес.
Жеңіс Досмұхамедова, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Балалар ойнайтын алаң қалада өте аз. Әр үйдің қасында, әр ауданға жасаса жақсы болар еді.
Тұрғындардың дені қалада балалар ойнайтын алаңқайдың аздығына шағымданып отыр. Байқағанымыз, аулаларда ойын алаңы шынымен де тапшы. Басым көпшілігі ауыр темір-терсек. Оның өзі кемі 20 жыл бұрын орнатылғанын аңғару үшін құжат ақтарудың қажеті шамалы. Биыл осы мақсатқа әкімдік 1 млрд теңге бөліпті, сол қаражатқа 45 ауланы абаттандырмақшы.
Президенттің пәрменінен кейін араға апта салып, Ақтөбе облысы әкімінің іске кіріскенін байқадық. Ералы Тоғжановтың қаланы қара жаяу аралап жүргені әлеуметтік желіде тарап кетті. Мына бейнежазбада әкім Ақтөбенің ажарын бұзып тұрған орталықтағы ескі дүңгіршікке шүйліккен.
Ералы Тоғжанов, Ақтөбе облысының әкімі:
- Қасынан өтпейсің бе, жүрмейсің бе, қара, істеп отырған түрін қара. Ауылда да қазір мұндайды қоймайды.
Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Жаңа ғана бір сағат бұрын облыс әкімі Ермек Боранбаевичты көрдім. Осы жерден Мәдениет үйіне қарай бара жатты. Жаяу. Қаланың басқа жағына барса екен деп ойлайсың. «Шанхай», «Жайлау» аудандарында мәселе көп қой.
Көкшетау қаласының әкімі шаһарды жаяу аралауды бұрыннан әдетке айналдырған дейді кеңесшісі. Бірақ тұрғындар одан әлбетте бейхабар...
Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Тапсырмамен емес, өз еркімен жаяу жүруі керек. Мен күн сайын орталықта жүремін. Көрмедім оны.
Ал тараздықтар әкімдерінің бар екенін «тек теледидардан көрдік» деп отыр. Сондықтан жүзбе-жүз кездесе қалса, танымайтынын жасырмады.
- Көрген жоқпын. Тек телевизордан көреміз, әкіміміз бар екенін. Ол кісімен жүздесіп, бір көрген емеспіз. Облыстың басшысын да телевизордан ғана көреміз. Жаңалықтардан.
Абай облысының орталығы Семейдің тұрғындары әкімдерін бір көруге зар. Алда жалда кездесе қалса, көзге шұқып көрсететін проблема шаш-етектен. Мәселен, қаланың қай бұрышын алып қарасаң да, жол бар, бірақ тротуар атымен жоқ.
Майра Әбенова, Семей қаласының тұрғыны:
- Орталықтың өзі оңып тұрған жоқ. Не тратуары жоқ. Не көшесі жоқ. Секіріп жүреміз, бір жағы – дуал, бір жағы – машина, Ана жерде бір көше бар. Қақ ортасында қоқыстар тұр.
Ролан Машпиев, Семей қаласының тұрғыны:
- Мектеп маңайындағы көшелермен жүріп өтуге кеңес берер едім. Өйткені оқушылар жүреді. Тротуарлар жоқ. Бұл енді балалардың қауіпсіздігіне әсер етеді. Жолдарды алды, тротуарлар жоқ.
«Қалалардың келбеті нашар, мұны мойындауымыз керек» деп, президент өз тапсырмасын мегаполистерден бастап, шағын қалалардың басшыларына қарата айтқанымен, айырықша белсенділік танытып отырған ақжағалылар көзге түскен жоқ. Әр жұмыс сапарын жариялаудан жалықпайтын әкімдердің әлеуметтік желідегі парақшасы да әзірге тым-тырыс. Естеріңізде болса, бұған дейін де әкімдер арасында осыған ұқсас науқан кезінде қымбат көлігін ведосипед пен автобусқа айырбастағандар табылған-тын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!