Компаниялар электрсамокатқа қатысты заң жобасына қарсы шықты
Алматыда экологиялық көлік құралын жалға беретін компаниялар Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасына қарсы шықты. Олар жаңа ережемен келіспейді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
12.05.2023
Айтуларынша, самокат мінген жандарды жолдың оң жақ бөлігімен жүруге рұқсат беру өте қауіпті. Оған қоса жаяу жүргіншілер жолағындағы қозғалысты сағатына алты шақырым жылдамдықтан асырмау мүлдем қисынсыз деп отыр.
Алматыда электрсамокатты жалға беретін төрт компания бар. Солардың ішіндегі ең ірі мекеме бүгін журналистерді жинап, қос дөңгелекті көлік құралына арналған заң жобасының кемшін тұстарын жіпке тізді. Олар самокат мінгендерге жолдың оң жақ бөлігімен жүруге рұқсат беру өте қауіпті деп отыр. Соның салдарынан жол апаты да көбейетінін жеткізді.
Талғат Рахымғалиев, каршеринг компаниясының басшысы:
- Самокаттарды тротуардан жолдың бойына шығуға мәжбүрлеп жатыр. Мәжбүрлеудің қандай қаупі бар? Біріншіден, жол бойында самокатпен жүрген адамдардың жол апатына түсу қаупі көп. Құлаған кезде ол тротуарға емес, жолдың бойына құлайды. Жол бойында көлік көптігінен, қиын себептерге әкелуі мүмкін. Екіншіден, жол бойына шыққан самокат жүргізушілеріне шлем киюді сұрайды. Ол шлем көлікпен соқтығысуға қарсы шлем емес.
Жаяу жүргіншілер жолағында қозғалысты сағатына алты шақырым жылдамдыққа шектесе, самокатқа сұраныс азайып, қып-қызыл шығынға батамыз дейді кәсіпкерлер. Себебі, тұрғындардың дені самокатты діттеген жеріне жылдам жету үшін пайдаланады. Компания өкілдері қаланың көп көшесінде веложолақ салынбағандықтан, самокат тізгіндегендер онсыз да қатты жүре алмайтынын жеткізді. Ал әкімдіктегілер шаһардың барлық көшесіне веложолақ салуға инфрақұрылым мүмкіндік бермейтінін жасырмайды.
Мұрат Түменбай, Алматы мобильділік басқармасының маманы:
- Алматының инфрақұрылымына сәйкес, әр көшесіне сала алмаймыз. Өйткені көшенің біреуі үлкенірек, біреуі кішірек. Бірекі метр веложолақ салсақ, көшенің өзі кішірейіп қалады. Каршеринг компаниялармен бірлесіп қарастырамыз енді, қай жерлерге салуға болатынын. Бүгінде бізде 80 шақырымға жақын веложолақ бар.
Бекнұр Сейітжанұлы самокаттан гөрі жаяу жүрген қауіпсіз, әрі денсаулыққа пайдалы дейді. Қалта түбін қақпайтын көлік құралын бірнеше жыл пайдаланған жігіт ағасы осындай тұжырымға келіпті.
Бекнұр Сейітжанұлы, Алматы қаласының тұрғыны:
- Мен енді бірнеше самокатты каршеринг сервистерін көрдім. Достарымнан да алдым. Мен алғанда көрдім. Басқаша болып кетеді екенсің. Мысалы, сен жүресің ғой. Саған жылдамдық жетіспейді. Қатты айдағың келеді. Жаяу жүретін адамдар саған кедергі болады. Оларды сен жек көріп кетесің. Жаяу жүргінші самокаттағыны, ал самокаттағы адам жая жүргіншіні жек көреді. Бұл тосқауыл келісімге келмейтін сияқты.
Заңгер Ғабит Өмірбек самокат пен темір тұлпар тізгіндейтіндердің жазасы мен айппұл мөлшері бірдей болатынын айтады. Бірақ самокаттың барлығын тіркемей, жол ережесін бұзғандарды тауып, жауапкершілікке тарту өте қиын.
Ғабит Өмірбек, заңгер:
- Әкімшілік құқық бұзушылық кодексте көзделген заңнаманың барлығы самокаттың да жүргізушісіне қолданылатын болады. Өйткені ол жүргізуші куәлігімен жүруге міндетті болғандықтан, толыққанды автокөлік ретінде есептелінеді. Самокаттың әрқайсысын есепке алу керек, тіркеу жүргізу керек. Әр самокатта техпаспорт болуға тиіс деп есептеймін. Өздерінің нөмірі болуы мүмкін.
Екі күн бұрын Мәжіліс депутаттары электрсамокатқа қатысты арнайы заң жобасын мақұлдап, Сенатқа жолдаған болатын. Жаңа ережеде осы көлік құралына бірнеше адамның мінгесіп жүруіне, жүк тасымалдауына тыйым салатын және жол қиылысы мен бағдаршамнан өткенде самокаттан түсіп, жаяу өту керек деген талаптар да бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!