Ақтөбеде базар саудагерлеріне 3 миллион қарыз деген түбіртек келген
Ақтөбеде коммуналдық базар саудагерлері шу шығарды. Бір күнде салық органынан әрқайсына 500 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін қарыз деген түбіртек келген. Кәсіпкерлер бұл берешектің қайдан шыққанын білмей отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.05.2023
Қазір базарды Мемлекеттік кірістер басқармасындағылар тексеруде. Олар саудагерлер алаңдайтын мәселе жоқ деп жайбарақат отыр.
Мемлекет меншігіндегі «Табыс» деп аталатын коммуналдық базардағы саудагерлерден маза қашқан. Осындағы 400 кәсіпкердің электронды поштасына бір мезетте салыққа қарыз деген ескерту келіпті. Бір ай көлемінде берешекті төлемесе, есепшоттары бұғатталатыны айтылған. Кәсіпкерлер базар басшыларына уақтылы жалға алу құнын өтеп отырмыз деп шыр-пыр болады.
Ләзззат Мұсаева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Қарызды көріп ұйқыдан айырылдық. Басы миллионнан асып кетті. Үш миллионнан, төрт миллионнан. Соңы 500 мың. Мысалы, менікі 500 мың. Ол аз ақша емес. Қалай тыныш ұйықтайсың? Соны шешіп, қарастырсын. Кімнің қарызы екенін ешкім білмейді. Бізге ашып ешкім айтқан жоқ.
Қазір базарды Кірістер басқармасы тексеріп жатыр екен. Коммуналдық базарға жетекшілік еткен компания ауысып, оның салыққа қарызы көбейген. Сондықтан ол фирмамен келісімшартқа отырған саудагерлерге ескерту қағазын жіберу – міндетіміз дейді салықшылар.
Есімғали Есмұханов, базар заңгері:
- Бұл жерде қорқатын ештеңе жоқ. Түсіндіріп айтып, салық басқармасына бардық. Бухгалтерия кешегі салыстыру актісін беріп жатыр. Ал актіні апарсаңыздар ешқандай қарыз жоқ екенін біледі. Болды. Сіздерге жіберген хабарлама орындалды, яғни жойылады.
Ал коммуналдық «Табыс» базарының осы уақытқа дейін өз қарызы барын Кірістер басқармасындағылар да растап отыр. Оны саудагерлер арқылы емес, басшылары өтеуге тиіс. Даудың басы кәсіпкерлердің базар әкімшілігіне қолма-қол ақша беруінен шығып отыр. Ол ортақ базада көрсетілмейтін көрінеді.
Айбол Жұмабаев, Ақтөбе мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары:
- Базарларды басқару әкімшіліктері өздеріндегі жалға алушылардан есепфактура жазу арқылы, олардың берешегіне не қойған. Сосын жалғ,а алушылар өз кезегінде ол ақшаны қолма-қол төлеген. Мына кәсіпкерлермен ешқандай түсініспеушілік болмас үшін екі жақтан акт салыстыру актісіне қол қойып, мөрімен бірге бізге тапсыруға.
Кірістер басқармасындағылар саудагерлер алаңдайтындай дәнеңе жоқ деп жайбарақат отыр. Осы уақытқа дейін базардан орын жалға алғанына төлеген ақыны растайтын құжат болса, сол жетеді дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!