{metadescription}
Ұзынағаш - Отар тасжолында еңбек еткен жұмысшыларды ақшасыз қалдырған
Ұзынағаш - Отар тасжолында еңбек еткен жұмысшыларды ақшасыз қалдырған

Ұзынағаш - Отар тасжолында еңбек еткен жұмысшыларды ақшасыз қалдырған

Алматы облысында Ұзынағаш - Отар тасжолының реконструкциясын жүргізіп жатқан жұмысшылар наразылық білдірді. Айтуларынша, түркиялық мердігер 200 адамның маңдай тері ақысын уақытында бермей отыр.

Жұрттың есебінше, компанияның қарызы 500 миллионнан асып жығылған. Соның кесірінен жұмыс та аяқсыз қалыпты. Ал басы дауға қалған компания басшылары Автомобиль жолдары комитеті қаражатты төлемеді деп отыр.

Техниканың бәрі бұты – бұт, сирағы сирақ болып шашылып жатыр. Қазір осы жерде жүретін техника жоқ. Берген тамағы да дұрыс емес. Бір күні – көл, бір күні – шөл.

Түркиялық компанияның уәдесінен шаршаған жұрттың наразылығы осындай. Әрқайсысысы Ұзынағаш - Отар тасжолын қайта жаңғыртуда маңдай терін төгіп жүр. Бірі – жүргізуші, енді бірі – қара жұмысшы. Бірақ  халықаралық маңызды жолды жөндеп жүрсек те, тиісті жағдай мүлде жасалмаған деп шырылдап отыр.

Айдос Құлбаев, жүргізуші:

Келісімшартта 250 мың теңге деген. Жалақы уақытында берілмейді. Мерекеде жұмыс істейміз, жәй күннің айлығы жазылады. Ал келісімшартта екі есе баға деп тұр. Солярка жоқ дейді. Күніңді қоймаймыз дейді.

Жалпы 40 миллионға жуық теңгесін ала алмай жүрген 150 жұмысшыдан бөлек, жеке кәсіпкерлер де сергелдеңге түскен. Компанияның оларға берешегі әлдеқайда көбірек.

Тимур Жансейітов, жеке кәсіпкер:

Біз  жанаржағармай жеткізумен айналысамыз. Аталмыш түркиялық компания былтыр шілдеден бастап уәдемен тойдырып келеді. Қазір олардың бізге қарызы 270 миллион теңге.

Осындай былықтардан қазір жолдағы жұмыс тоқтап тұр. Кесірі Отарға, ары Тараз, Шымкент шаһарларына бет алған жүргізушілерге тиіп жатыр. Жғарғы жылдамдықпен жүйтіп келе жатқан көліктер аяқ-асты қотыр жолға тап болады.

- Өткенде көлігімнің қозғалтқышын құрттым. 30 мыңға жөндеттім. Тоқтап қаласың, сосын барып жүресің, артынан келе жатқан көлік артыңа қадалады.

Басы дауға қалған компания басшылары жұмысшылардың алдына шықты. Бірақ мардымды жауап ала алмадық. Мәселенің бәрі тапсырыс берушінің кесірінен туындап отыр деді.

Мұстафа Метти, Eh Eser tahhut ve sanayi anonim sirketi АҚ бас директорының орынбасары:

- Қазір жұмысшыларға наурыз бен сәуір айының жалақысы төленген жоқ. Дүйсенбі мен сейсенбіде наурыз айын толық, сәуір айындағы қарызды жартылай төлейміз. Біздің тарапымыздан ешқандай қателік кетпеді. Бізге 100 нүкте бір деген тармақпен тапсырыс беруші төлемей отыр. Төлесе, қалған қарыздан құтыламыз.

Ал тапсырыс беруші - автомобиль жолдары комитеті. Олар бірақ компаниядағылардың пікірімен мүлде келіспейді. Жұмысы сылбыр деп керісінше мердігерді кінәләп шықты.

Дінмұрат Есімхан, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Автомобиль жолдары комитетінің бас сарапшысы:

- Келісімшартқа қол қойғаннан бастап 16 ай өтті. Соның Ішінде бұлар 44 пайызын игерді. Нақтырақ 7 миллиард 340 миллион теңге. Орындау жұмысы 11ақ пайыз.  Келісімшарттың жалпы соммасы 21,8 миллиард.

Негізі түрік компаниясы 42 шақырым жолды реконструкциядан өткізіп, 2024 жылы тапсыруы керек. Алайда мынадай жұмыспен уақытында аяқтау екіталай дейді комитеттегілер. Ал жалақы мәселесіне «қатысымыз жоқ» деп отыр. Жұмысшылар компания маңдай тер ақымызды төлемесе, халықаралық маңызды жолды жауып, аштық жариялаймыз дейді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде