Журналистер арасында футболдан Амангелді Сейітханды еске алу турнирі өтті
Алматыда шағын футболдан журналистер арасында белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітханды еске алу турнирі өтті. Ала доптың аламанында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 16 команда бақ сынады.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
15.05.2023
Осымен екінші мәрте жалауын желбіреткен республикалық турнирді «Хабар» агенттігі ұйымдастырған. Ақпарат құралдарының өкілдері спорт және туризм академиясының жасыл алаңында шеберлік байқасты. Жарыста үздік нәтиже көрсеткен Қызылорданың “Ақмешіт” командасы чемпион атанса, екінші орынды астаналық “Казмедиа” командасы жеңіп алды. Үздік үштікте "Атырау-Ақпарат" командасы.
52 жасында өмірден озған Амангелді Сейітхан доп додаларын жүргізуде өзіндік қолтаңба қалыптастырған спорт комментаторы. Марқұмның өзі де футбол жарыстарынан қалыс қалмайтын. Ал ұйымдастырушылар футбол турнирін болашақта халықаралық деңгейге көтеріп, жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Берік Уәли, "Хабар" агенттігінің басқарма төрағасы:
- Амангелді Сейтхановтың осындай жанашыр шәкірттері, әріптестері, достары барда, ол кісінің рухы қашанда шат болады деп ойлаймын. Мәңгі есімізде қалады. Бұйырса, халықаралық деңгейге көтерсек деп отырмыз. Қырғызстандағы, Өзбекстандағы, Қытайдағы, Моңғолиядағы, Грузиядағы әріптестерді шақырып, алысжақын шетелден келсе дұрыс болады. Біз мұны министрлік деңгейінде көтеріп, шешетін ойымыз бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!