ДСМ: Медициналық сақтандыру ақшасы ешкімге қайтарылмайды
Медициналық сақтандыру ақшасы ешкімге қайтарылмайды. Мәжілісмендерге Денсаулық сақтау министрінің бүгін берген жауабы осындай.
Автор: Әзиза Төленби
16.05.2023
Төменгі палатада кеше Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тиімсіздігі айтылып, оған ай сайын жарна беріп, бірақ қолданбайтын азаматтардың ақшасы қайтарылсын деген бастама көтерілген болатын.
Депутат Асхат Рахымжановтың айтуынша, елдегі әр алтыншы азаматта сақтандыру жоқ. Дені – ауылдағы ағайын. Соның салдарынан мемлекеттің халыққа тегін көрсететін ем-домын да ала алмай отыр. "Ол түгілі, ай сайын салымшы ретінде ақшасын төлейтін адамдар да Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызығын көріп отырған жоқ" деген еді депутат. Оған Ажар Ғинияттың жауабы дайын. Салған ақшасын халық бүгін-ертең пайдаланбаса да, оның болашақта ауырып ем іздемесіне кім кепіл дейді министр. Сондықтан миллиондап емге кететін қаржының сақтандыруда жата бергені дұрыс деп есептейді.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Бұл жүйе жаңа әрі толық жұмысын көрсете алмай отыр. Ақша қайтарылмайды. Биыл бұл адам ауырыпсырқамаса, онда жылына орта есеппен түсетін 100 мың теңгенің 50 мың теңгесін оған қайтару қарастырылмаған. Себебі: келер жылы оған 1 млн теңгенің медициналық көмегі қажет болатын шығар. Сондықтан бұл көмек барлығына бірдей қол жетімді болуы үшін қаражат қайтарылмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!