Масаны қыруға 45 миллион бөлінген, ал тұрғындар наразы – Қонаев қаласы
Маса қыруға миллиондар шашылып жатыр. Қансорғыштар мазасын алған Қонаев қаласының тұрғындары әкімдіктің әрекетсіз отырғанына наразы. Өйткені шаһарда жыл сайын масамен күреске қыруар қаржы жұмсалса да – нәтижесіз.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
16.05.2023
Тіпті қалада одан бетер маса қаптап, ауру-сырқау көбейген. Ал шенділер мәселенің шешімі биыл табылатынына сенімді. Өйткені масаны улауға былтырғыдан төрт есе көп – 45 миллион теңге бөлініпті.
Үсті-басындағы бөртпелерді көрсеткен Маржан Әтееваның қаптаған масадан әбден ығыры шыққан. Тұқымымен аллергиясы болған соң, қансорғыш зиянкестердің зардабын бірнеше жыл қатарынан төрт баласымен бірге тартып жүр.
Маржан Әтеева, Қонаев қаласының тұрғыны:
- Маса өте көп. Соңғы үш жылда ұлғайып жатыр. Кішкентай еді, қазір үлкен десем болады. Тереземізді аша алмаймыз, ашсаң, түнімен шағып шығады. Баланың ұйқысы да, мазасы да кетеді. Түнімен қышиды. Спиртпен сүртеміз. Басқа не істейсің?!
Әсіресе күн батқанда қиын. Ымырт уақыттан бастап далада жүру мүмкін емес дейді. Сол үшін көбі баласын күндіз де, кешке де далаға шығармайтын болған.
Гүлназ Оспанова, Қонаев қаласының тұрғыны:
- Күн жылығаннан бастап қиын. Өйткені далаға балалар шыға алмайды. Алты балам бар. Үйде қамап отырамын. Күндіз жіберейік десек, күн ыстық, Түнде жіберейік десек, маса бар. Енді не істейтінімізді білмейміз.
Тұрғындар әкімдіктегілердің де не істеп жүргенін білмейді. Айтуынша, масамен күреске жыл сайын қаражат бөлінсе де, еш нәтиже жоқ. Керісінше, көбейіп кеткен. Мәселен, былтыр масамен күреске 10 миллион, биыл бақандай 45 миллион теңге бөлініпті. Сөйтіп шенділердің өзі мәселенің биыл шешілетініне сенімді.
Асхат Жексенбеков, Қонаев қаласының ТКШ, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары:
- Мәселе шешіледі. Бізде қазір үш мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр. Жалпы 9 техника, оның ішінде тракторлар, шашатын техникалар бар.15-ке жуық түрлі құрылғылар бар. 30-ға жуық мамандар жұмыс істеуде. Көпқабатты 278 үйдің де жертөлесінде улау жұмысы жүргізілді.
Әкімдіктегілер былтырғыдан төрт есе көп қаражат бөлінуін осылай түсіндіріп отыр. Яғни қарашаның мазасын қашырған қансорғыштармен күреске биыл тыңғылықты кіріскен. Негізінен масаның көп болуы Қонаев қаласының Қапшағай су қоймасының жағалуында орналасуымен тікелей байланысты. Сондықтан аталмыш мәселе жылда күн жылыса көтеріледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!