Электрсамокатқа мотоциклші соғылып, біреуі мерт болды
Алматыда самокатқа соғылған мотоциклші мүгедек боп қалуы мүмкін. 28 жастағы жігіт аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның екі аяғының істемей қалғанын айтады.
Автор: Нұртілеу Жылқышыбай
17.05.2023
Өткен түні болған жол апатынан самокат жүргізушісі оқиға орнында мерт болған. Қоғамға дау тудырған осы көлік құралдарының қозғалысын реттейтін заң жобасы қазір Сенат депутаттарының қарауында.
Жол апаты Сейфулин даңғылында, Тимирязев пен Сәтпаев көшелерінің арасында болған. Шашылып жатқан заттарға қарағанда, жоғарыдан келе жатқан самокат жүргізушісі Политехническая көшесіне түсу үшін солға қарай бұрылған. Сол сәтте оны қарсы бағытта жүйткіп келе жатқан мотоцикл қағып өтеді. Қатты соққыдан екеуі екі жаққа ұшып, біреуі мерт болды.
Самокат жүргізушісі жедел жәрдем жеткенше жан тапсырса, мотоцикл тақымдаған 28 жастағы ер адам тірі қалды. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр.
Марат Алматов, Орталық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Мотоцикл жүргізушісі түнгі сағат екіде өте ауыр жағдайда жеткізілді. Келген кезде есі анық емес. Мойын омыртқасы сынған, кеуде омыртқасы сынған, сынып қоймай, жұлынды жаншып кеткен. Жұлынға зақым келген. Қазір аяғы жұмыс істемейді.
Ал қайтыс болған самокат жүргізушісі туралы ақпарат жоқ. Қалтасында ешбір құжаты болмапты. Қазір нақты кімнің кінәлі екені анықталып жатыр.
Салтанат Әзірбек, Алматы қаласы ПД ресми өкілі:
- Дерек ҚР ҚК 345-бабы, 3-тармағы бойынша тіркеліп, тергеу басталды. Сарапталық зерттеулер тағайындалды. Нақты осы оқиғаға себепкер болға тұлға анықталып, шара қолданылады.
Өткен аптада Мәжіліс депутаттары электрсамакатқа қатысты арнайы заң жобасын мақұлдап Сенатқа жолдаған. Біра жаңа ережелерді жаяу жүргіншілер қолдаса, қос дөңгелекті көлік құралын тізгіндейтіндер шектеулермен келіспеген еді.
Аңсаржан Сағымбек, Алматы кәсіпкерлер палатасының көлік және логистика сарапшысы:
- Біз ұсынып жатырмыз, тротуармен сағатына 15 км жүруді және Алматы қаласында веложолдар бар, сол жақпен сағатына 25 км жүруге. Өйткені сағатына 6 км жүретін болсақ, самокатпен емес, жаяу да жүруге болады. Ол бір шетінен кәсіпкерлерге де тиімсіз. Өйткені ешкім электрсамокатты пайдаланбайтын болады.
Каршеринг компаниялар былтыр самокаттың кесірінен небәрі 41-ақ жол апаты тіркелген дейді. Бұл автокөліктердің қатысуымен болатын жол апатынан әлдеқайда аз деп, статистиканы келтіріп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!