Шымкентте қыруар қаржы кеткен жасыл желек қурап жатыр
Шымкентте миллиондар жұмсалған жасыл-желек жаппай қурап жатыр. Себебі: бұған дейін әкімдікке қарасты болған гүлзарлар қазір иесіз. Мегаполиске көрік береді деген нысандарды қоқыс басып, суарусыз қалған ағаштары мен газондары сарғайып кеткен.
Автор: Бек Әбиев
17.05.2023
Қала көркін қашырған көрініс тұрғындардың көңілін бұзды. Тек осыдан кейін ғана қимылдаған шенеуніктер қараусыз қалған гүлзарларды әкімдік балансына алмақшы.
Шымкент орталығындағы гүлзарды 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ашып берген екен. Осыдан кейін әкімдер ағаш отырғызып, тіпті күмбезді ансамбль құрылысын салып берген. Бірақ тұрғындардың демалатын орнына айналуы тиіс бақтың көрінісі қазір көңіл көншітпейді.
- Қазіргі жағдайы осындай болып тұр. Қаншама қаражат бөлінген, қанша миллиардтар бөлінген. Енді осы саябағымыз қараусыз қалды. Бүкіл осы жердегі тұрғындар келіп, демалатын жалғыз осы жер ғана еді. Өте қауіпті, одан кейін мына плиталар құлап жатыр. Балалалар үшін қорқамыз.
Тұрғындар демалу үшін салынған орынға қазір ата-аналар баласын жалғыз жіберуге қорқады. Мысал ретінде, кезінде гүлзарды суаруға қойылған электрсорғының сымдары алқам-салқамы шыққан.
Сұлтан Шекербеков, Шымкент тұрғыны:
- Бұрында осы жерде насос болатын, сонымен мына жердің бәрін суаратын. Қазір насос та жоқ, сымдарды шығарып қойып кеткен, өтірік жауып. Мынаның ішінде тоқ болған жағдайда біреу өледі. Өйткені бұл жерде 220 насос тұрмайды, кем дегенде үш фазалық насос тұрады. Ал оның сымының жатысы мынау. Ал мыналар бәрі қурап жатыр.
Жаңа жылдан бері суарылмаған гүлзарда ағаштар қурап, газон жаз шықпай-ақ сарғайып жатыр. Жаны ашыған тұрғындар шелекпен су тасып әбігерге түсіп жүр.
Қуат Тәттібаев, Шымкент тұрғыны:
- Он күндей суармайтын болса, қалған ағаш қурайды. Егілген газонның топырағы шығып жатыр, көріп тұрсыздар, сапсары болып. Жаңбыр жаумай жатыр. Сол жаңбырмен тұр бұл. Жаңбыр жаумаса, қурайды.
Гүлзарлар әкімдік балансынан басқармаларға өтуі кезінде онға жуық саябақ иесіз қалды дейді шенеуніктер. Бірақ қараусыз қалған бақтарды бүгінннен бастап бақылауымызға аламыз деп ақталды.
Әбілқайыр Оңғар, Шымкент жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:
- Осы бүгін ертең толық суды қосамыз. Алдағы уақытта осы сияқты Шымкентте бірнеше сквер, аллея бар, баланста жоқ, актісі жоқ, бірақ халық көп шоғырланған жерлерге салынған. Осы бойынша біз қазір теңгерімге алуды жүргізіп, алдағы уақытта осы жағдай бойынша кемшілік жібермейтін боламыз.
Иесіз қалған гүлзарларды түгендеуге шамамен екі ай уақыт керек. Оған дейін атқамінерелр қуараған ағаштарды тазалаймыз дейді. Ал сарғайған жасыл желекке шелекпен-ақ су тасып жүрген тұрғындар жақында тасаттық беруді жоспарлап отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!