Семейлік Астанадағы Жоғарғы соттың алдында аштық жариялады.
Абай облысынан келген бір топ семейлік Астанадағы Жоғарғы соттың алдында аштық жариялады. Олар ас-судан, тіпті күнделікті ішіп жүрген дәрісінен бас тартуға бекінген. Жиналғандардың туысқандары осыдан үш жыл бұрын зауыттан алтын ұрлады, бопсалады және адам ұрлады деген айыппен қамалыпты.
Автор: Айғаным Достанбай
17.05.2023
Трансұлттық қылмыстық топтың құрамында 58 адам болған. Олардың 32-сі қазір қамауда отыр. Алайда «Аса құпия деген таңба қойылған істің жай-жапсарынан туыстары түгілі, айыпталушылдардың өздері бейхабар», - дейді жиналғандар. Олар сот отырыстарының ашық өтуімен қоса судьяны да ауыстыруды сұрап отыр.
Баян Жұмабаева, Семей тұрғыны:
- Денсаулығы әбден құрыған. Үш жылға жуық өзі азапталған балалар енді аштық жариялап жатыр. «Аса құпия» деген бәлені тауып алып, сотты жабық, ешкімді қатыстырмай, аса құпия жағдайда өткізіп жатыр. Не камера жоқ, не аудиожазба жоқ. Қоянбаев өзінің білгенін істеп жатыр. Бір жақты қарап жатыр, адвокаттарды да тыңдамайды, айыпталушыны да тыңдамайды.
Шығыс Қазақстан облысы соты қылмыстық істің аса құпия түрде қаралып жатқанын айтып, қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Бас-аяғы 59 күдіктінің ісі қазір сотқа жеткен. Тіпті олардың бірнешеуі бақандай 8 баппен айыпталуда. Ал Астанаға сонау Семейден келгендер әділдікке жетпейінше, нәр татпаймыз деп отыр. Ертең олар Бас прокуратураның алдында жиналмақшы. Себебі: қамаудағылар адам төзгісіз азаптауларды бастан өткеріп жатқанын айтып шағымданған. Тіпті бұған нақты дәлелдері де бар.
Шолпан Жақыпова, Семей тұрғыны:
- Бәрі біле бермейді, жоғары жаққа жетпейді, мұндай қулықсұмдықтары. Айыпталушыларды шетінен азаптаған. Аузына ыстық су құйып күйдірген. Қабырғасын сынғанша ұрған. Менің баламды байлап-матап, аяғын аспаннан келтіріп, асылып тұрған күйінде сабаған. Оның қол-аяғы мен жұлынына зақым келді. Осының барлығы сараптамада дәлелденген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!